Әлемнің үшінші ракеткасы Елена Рыбакина Мельбурн қаласында өтіп жатқан Аустралия ашық біріншілігінің екінші кезеңіне жолдама алды. Аталмыш турнир жаңа маусымдағы алғашқы «Үлкен дулыға» турнирі.
Рыбакина әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы чехиялық Каролина Плишковамен (WTA рейтингінде 38-орын) кездесті. Бірінші сетте қазақстандық теннисші 0:2 есебімен ұтылып жатқанымен, камбэк жасап, ойынды тайбрейкке дейін жеткізіп үлгерді. Онда Елена 0:3 және 3:6 есебімен жеңілгенімен, соңында 7:6 (8:6) есебімен жеңісті жұлып әкетті. Екінші сетте Рыбакина сенімдірек әрекет етіп, кездесуді 6:4 есебімен өз пайдасына аяқтады.
Бұған дейін Рыбакина мен Плишкова үш рет кездесіп, үш кездесуде де қазақстандық теннисші жеңіске жеткен. Енді бетпе-бет кездесудегі есеп Еленаның пайдасына 4-0.
Матчтан кейін Елена Рыбакина әлемдік рейтингтің бұрынғы көшбасшысын жеңгеніне қатысты пікір білдірді.
«Бүгінгі кездесу мен үшін өте қиынға соқты. Каролина өте жақсы ойнады. Әсіресе бірінші сетте оңай болған жоқ. Бірақ бірінші сетте жеңіске жетіп, жеңілістен аман қалғаныма қуаныштымын. Екінші сет сәл жақсырақ өтті. Аустралияның ашық чемпионатына қайта оралу — керемет сезім. Бүгін бізді қолдауға келгендердің барлығына рахмет. Өткен жылғы нәтижелерге қарамастан, осында қайта оралғаныма өте қуаныштымын. Былтыр финалда жеңіліп қалсам да, ол мен үшін тамаша тәжірибе болды. Енді мүмкіндігінше алысқа барғым келеді», — деді Елена матчтан кейін.
1/32 финалда 18-қаңтар күні Рыбакина ресейлік Анна Блинковамен (57 орын) ойнайды. Айта кетейік, Елена Рыбакина Australian Open-2024 турнирінде жекелей сында Қазақстанның жалғыз өкілі болып қалды.