Италияда Париждегі Олимпиада ойындарына іріктеу турнирі өтеді.
Бұрымды боксшыларымыз Италияның Бусто-Арсицио қаласында 4-12 наурыз күндері аралығында 114 елден 668 спортшының қатысуымен өтетін әлемдік лицензиялық турнирге қатысады.
Осы орайда бас бапкер Шәміл Сафиуллин және Алуа Балқыбекова (50 келі) мен Жайна Шекербекова (54 келі) Апеннин түбегіне Алматы арқылы аттанса, Римма Волосенко (60 келі), Наталья Богданова (66 келі), Валентина Хальзова (75 келі) және өзге жаттықтырушылар құрамы Астана арқылы ұшты.
ҚФБ-ның мәлімдеуінше, турнир алдында боксшыларымыз Италияның Ассизи қаласында бір апталық оқу-жаттығу жиынын өткізеді. Жаттығу жиынында Қазақстан құрамасынан бөлек, турнирге қатысатын 30-ға жуық команданың боксшылары дайындықтарын пысықтамақ.
Қазақстан еншісінде Парижде өтетін Олимпиада ойындарына әзірге екі жолдама бар. 2023 жылғы жазғы Азия ойындарында аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев пен әйелдерден 57 келідегі Карина Ибрагимова Париж Олимпиадасына баруға мүмкіндік алды