Қазақстандық UFC файтері Асу Алмабаев (19-2) әлемнің ең үздік лигасында екінші жеңісіне қол жеткізді. Ол Майамиде (Флорида, АҚШ) өткен UFC 299 турнирінде жеңіл салмақта америкалық Си Джей Вергарамен (12-5-1) кездесті.
Жекпе-жек үш раундқа жоспарланған болатын. Нәтижесінде кездесу төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімі бойынша 30 жастағы Алмабаевтың айқын жеңісімен аяқталды және әр раундта жеңісті қолдан бермеді – 30:27, 30:27, 30:27.
Осы орайда ирландиялық журналист Иэн О’Нил UFC аясында өткен екінші жекпе-жекте қазақстандық Асу Алмабаевтың (19-2) сенімді жеңісіне жоғары баға берді. Ол спортшының мықтылығын атап өтіп, тіпті оған жаңа қарсылас та ұсынды.
«Алмабаев – ара секілді. Ол өте жақсы дайындалған көрінеді. Барлық төрешілердің бәрауыздан шығарған шешімі бойынша 30:27 есебімен жеңіске жетті. Мен оның келесі жекпе-жегін ДаМон Блэкширмен көргім келеді», — деп жазды журналист әлеуметтік желідегі өз парақшасында.
Жекпе-жек аяқталған соң Асу Алмабаев баспасөз мәслихатына қатысып, қолдау көрсеткен жанкүйерлерге алғысын білдірді.
«Баршаңызға рахмет. Шын жүректен қаршадай ұлдарына жанкүйер болып, шын ықыласпен қолдау көрсеткендеріңіз үшін рахмет. Мен әрбір секунд сайын сіздердің қолдауларыңызды сезіндім!», — деді Асу.
Енді қазақстандық спортшының еншісінде UFC-дегі екі жеңіс бар. Ол тамыз айында өзінің дебютінде Од Осборнды (12-6-0-1) қылқындыру әдісі бойынша жеңді. Қазір Асу жалпы жекпе-жектер нәтижесі бойынша қатарынан 15 жеңіске жетіп отыр. Ал 32 жастағы Вергараға келер болсақ, бұл оның UFC-дегі алтыншы жекпе-жегі болды (3-3).