Қазақстандық теннисші Юлия Путинцева мен Елена Рыбакина АҚШ-тың Майами қаласында өтіп жатқан, жүлде қоры 8,7 миллион доллардан асатын WTA 1000 сериялы турнирінің ширек финалына шықты.
Қазақстанның үздік теннисшісі, әлемнің төртінші ракеткасы Елена Рыбакина 1/8 финалдық кездесуде 6:3, 7:5 есебімен әлемнің 17-ракеткасы Мэдисон Кизді ұтты. Кездесу бір сағат 24 минутқа созылды. Осылайша жеке кездесуделердегі есеп 2-2 болды. Рыбакина Miami Open турнирінің жартылай финалына шығу үшін әлемнің тоғызыншы ракеткасы грекиялық Мария Саккаримен ойнайды.
Еленаның WTA деңгейіндегі 20-шы жеңісіне қол жеткізгенін айта кетейік. Осылайша, Рыбакина WTA турында бұл көрсеткішке қол жеткізген үшінші теннисші атанды. Бұған дейін мұндай жетістікке әлемнің бірінші ракеткасы, польшалық Ига Швентек пен әлемнің 20-ракеткасы, 22 жастағы америкалық Эмма Наварро ғана жеткен.
Сондай-ақ бұл Рыбакинаның Майамидегі үшінші жеңісі. Турнир барысында алдымен қазақстандық теннисші үш сетте даниялық Клара Таусонды 3:6, 7:5, 6:4, содан кейін америкалық Тейлор Таунсендті 6:3 , 6:7, 6:4 есебімен ұтты.
Ал төртінші айналымдағы кездесуде WTA рейтингінде 68-орында тұрған Путинцева әлемдік рейтингте 36-шы орында тұрған украиналық Ангелина Калининаны 6:4, 7:6 (7:5) есебімен ұтты. Екінші сетте қазақстандық теннисші 2:4, 4:5, 5:6 есебімен ұтылып жатты. Бірақ, Юлия есе қайтарып, тайбрейкті жеңіп алды. Матч екі сағат 21 минутқа созылды. Енді жеке кездесулердегі есеп Юлияның пайдасына 3:1-ге жетті.
Ширек финалда Путинцева Виктория Азаренко (Беларусь) — Кэти Бултер (Ұлыбритания) жұбының жеңімпазымен ойнайды.