Бокс федерациясы 2024 жылы Парижде өтетін Олимпиададағы нәтижеге байланысты Қазақстан құрамасының былғары қолғап шеберлеріне берілетін сыйақы мөлшерін жариялады.
Қазақстан бокс федерациясы Париж Олимпиадасына жолдама алған боксшылар мен олардың бапкерлеріне жиын ұйымдастырды. Италияда өткен Әлемдік іріктеу турнирінде лицензия жеңіп алған боксшылар мен Ұлттық құраманың бапкерлер алқасы қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Боксшыларға 20 000 АҚШ долларынан табысталса, бас бапкер Мырзағали Айтжановқа 10 000 доллар берілді. Бұдан бөлек, Ұлттық құрамамыздың жаттықтырушылары да сыйақыға ие болды.
Сонымен қатар, жиында Париж Олимпиадасында жоғары нәтиже көрсеткен боксшыларға Қазақстан бокс федерациясы тарапынан берілетін сыйақы мөлшері де жарияланды:
1-орын: 220 000 $
2-орын: 120 000 $
3-орын: 70 000 $
4-орын: 30 000 $
5-орын: 10 000 $
Ал бас бапкер мен жаттықтырушылар алқасы орын алған боксшы сыйақысының 30 пайызына пара-пар қаржылай сыйақы алады.
Айта кетейік, әзірге ел қоржынында барлығы жеті лицензия бар. Оның бесеуін боксшыларымыз Италияда өткен іріктеу турнирінде, ал қалған екеуін 2023 жылғы Азия ойындарында Қамшыбек Қоңқабаев (92 келіден жоғары) пен Карина Ибрагимова (57-ге дейін) жеңіп алды.