Қазақстан құрамасы велотректен Париж Олимпиадасының 1 жолдамасына ие болды. Бұл лицензия жеке спортшының өзіне емес, Ұлттық федерацияға беріледі. Бұл туралы еліміздің Спорт және туризм министрлігі мәлімдеді.
Қазақстан атынан баратын спортшы кейрин және спринт дисциплинасында бақ сынай алады. Қазір Қазақстан командасының қоржынында 51 лицензия бар.
Айта кетейік, ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Олимпиада ойындарындағы қиындықтарға тоқталды.
«Министр ретіндегі бірінші Азия ойындарына бардым. Әрине, 11-орын біздің елге, командамызға, дайындығымызға сәйкес келетін орын емес еді. 80 медаль алдық. Оның 10-ы алтын. Өкінішке қарай, жағдай осылай. Бірде-бір спортшы жаттықтырушы, массажист немесе дәрігер жоқ деп шағым айтқан жоқ», — деді министр үкімет отырысында.
Ермек Маржықпаевтың айтуынша, Олимпиада ойындарында мүлде басқа ережелер болады.
«70-80-ге жуық лицензия алуды жоспарлап отырмыз. Олимпиада ойындарында бұл көрсеткіштің дәл жартысы (лицензиялар санының шамамен жартысы) Олимпиадаға баратын спортшыларымызға көмек көрсетіп, (яғни, 80 спортшы барса, онда шамамен 40 адам ілесіп жүру керек) алып жүреді деп болжанып отыр. Әрине, біз спортты қолдайтын халық ретінде жаттықтырушылар мен дәрігерлердің бірге барғанын қалаймыз. Бірақ бұл көрсеткішке барлығын қосу қиын. Біз бұған дайын болуымыз керек», — деді Ермек Маржықпаев.
Париждегі жазғы Олимпиада ойындары 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді.