Украиналық боксшы Александр Усик (22-0, 14 КО) британиялық Тайсон Фьюриді (34-1-1, 24 КО) жеңіп, ауыр салмақта абсолютті әлем чемпионы атанды. Жұлдызды былғары қолғап шеберлері арасындағы жекпе-жек Эр-Риядта (Сауд Арабиясы) өтті.
Жекпе-жек 12 раундқа созылып, төрешілердің шешімімен 37 жастағы Усиктің жеңісімен аяқталды. Оған екі төреші басымдық берді – 115:112, 114:113, ал біреуі Фьюридің басымдылығын көрді – 114:113. Тоғызыншы раундта Усик Фьюриді нокдаунға түсіріп үлгерді.
Александр кәсіпқой рингтегі 22 жекпе-жегінде 22-ші жеңісіне қол жеткізсе, 35 жастағы Тайсон үшін бұл мансабындағы алғашқы жеңілісі болды. Соған қарамастан, британиялық боксшы реванш ұйымдастыра алады. Ол жекпе-жек биыл өтуі әбден мүмкін.
Британиялық The Independent басылымының хабарлауынша, аталмыш жекпе-жектің жүлде қоры 150 миллион долларды құрайды және Фьюридің пайдасына 70-30 пайыздық пропорцияда бөлінген. Осылайша, Фьюри шамамен 105 миллион доллар, ал Усик шамамен 45 миллион доллар алады. Сонымен бірге, келіссөздер кезінде Усик Фьюридің Украинаға 1 миллион доллар беруі тиіс деп талап қойды.