Astana Qazaqstan Team шабандозы Николя Винокуров «Жапония турының» бесінші кезеңінде жеңіске жетті. Ал Давиде Тонеатти екінші орынға ие болды.
Николя «Жапония турында» Astana Qazaqstan Development Team сапында өнер көрсетуде. Көпкүндік жарыс прологтағы жеңіспен және жалпы есептегі көшбасшылықпен команда үшін сәтті басталды. Бірнеше кезеңнен кейін үздік 10-дыққа кірген команда бүгінде алғашқы екі орынды иеленіп, табысқа қол жеткізді.
«Кезең қиынға соқты. Алғашында мен көшбасшы топта болдым. Кейін бізге Макс (Уолкер) келіп қосылды. Біз топта 15 адам болдық және бірге барлық айналымды жүріп өттік. Мәреге 50 шақырым қалғанда топ тым үлкен, оны таратып көру керек деп шештік. Макс екеуміз шабуылдадық, әр айналымнан кейін топта шабандоздар азайып отырды. Сондықтан соңғы айналымда төртеуіміз қалдық.
Негізгі топ бізді соңғы айналымда қуып жетті. Ал соңғы шақырымда жарыс мен үшін аяқталды деп ойладым. Бірақ топтың жылдамдығын сәл бәсеңдеткенін көргенде, мен шабуылға шығуға бел байладым. Соңғы 300 метрде барымды салдым және жеңіске жеткеніме өте қуаныштымын. Бүгін команда үшін тамаша күн болды», — деді Николя Винокуров кезең аяқталған соң.
Айта кетейік, 120 шақырымдық «Жапония турының» бесінші кезеңі Иида қаласында өтті.