Спорттық құзға өрмелеуден Қазақстан командасының өкілі Әмір Маймұратов Будапешттегі (Венгрия) іріктеу турнирінен сәтті өтті. Бұл туралы Ұлттық Олимпиадалық коммитеттің баспасөз қызметі хабарлады.
Спортшы жылдамдық бойынша финалға жетіп, күміс жүлде иеленді. Шешуші сында ол қытайлық У Пэнге есе жіберді.
Іріктеу турнирі екі кезеңнен тұрды. Біріншісі Шанхайда, екіншісі Будапештте өтті. Олимпиадаға жолдама алу үшін екі кезең қорытындысы бойынша алғашқы жетілікке ену керек. Маймұратов жалпы есепте үшінші орын иеленіп, олимпиадалық жолдаманы қоржынға салды.
Айта кетейік, 28 жастағы Маймұратов спорттық өрмелеуден алдағы жазғы ойындарға Қазақстандық спортшылар арасында жолдама алған алғашқы өкіл. Сонымен қатар, бір күн бұрын спортшы 15 метр биіктікке өрмелеуден Қазақстан рекордын орнатқан болатын.