Қазақстандық Astana Qazaqstan Team велокомандасының шабандозы 39 жастағы Марк Кавендиш «Үлкен Күрмеуде»35-ші мәрте жеңіске жетіп, суперкөпкүндіктің кезеңіндегі ең көп жеңістер рекордын жаңартты. Бұған дейін ең жоғары жетістік 34 мәрте жеңіске жеткен Эдди Меркске тиесілі болатын.
«Бұл жетістікті толықтай қабылдау қиын. Бірақ, біз соған ұмтылдық, командамен бірге мұны жүзеге асыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасадық. Тек осы «Тур де Франс» жарысында ғана емес, осы уақытқа дейін де команданың үлкен қолдауын сезіндім және бүгін барлығына осы жетістікті тойлайтын сәт келді. Astana Qazaqstan Team командасына келгеніме өте қуаныштымын. Мұнда жаңа достар таптым. Шын мәнінде керемет ұжым. Жетістікке жететінімізге сендім. Ең бастысы команданың мақсаты бір болды», – деді Марк Кавендиш.
«Бұл біздің команда үшін ғана емес, велоспортта мәңгі қалатын тарихи жетістік. Біздің табысқа жететінімізге, Марктың Astana Qazaqstan Team сапына келуі тарихты өзгертетініне сенген адамдар аз еді. Бірақ біз сендік және бүгінгі жеңіске жету үшін барлығын жасадық. Өткен жылы жеңіске біртабан жақын болдық. Бірақ, тағдыр басқаша шешті. Мен нағыз чемпиондардың құлау мен жарақаттан кейін мансабын аяқтамауы керек екенін анық білемін және Марктың тағы бір маусым өткізу туралы шешім қабылдағанына қуаныштымын. Биыл бізде жақсырақ дайындалуға мүмкіндік болды. Бүкіл команда табысқа жететінімізге сенді. Барша «Астана» жобасын осы тарихи жетістікпен құттықтаймын! Бірақ, біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Небәрі бес кезең өтті. Ал жарыстың басым бөлігі әлі алда. Сақадай саймыз және әрбір келесі кезеңде жеңіс үшін күресуді жалғастырамыз», — деді Astana Qazaqstan Team бас менеджері Александр Винокуров.
«Тур де Франс». 5-кезең
Сен-Жан-де-Морьен — Сен-Вюльба. 177.4 шақырым
- Марк Кавендиш («Астана») — 4:08:46
- Йеспер Филипсен («Alpecin-Deceuninck»)
- Александер Кристофф («Uno-X»)