Шетелдік ақпарат көздері WBO және IBF тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы, қазақстандық Жәнібек Әлімханұлының (15-0, 10 КО) жаңазеландиялық Андрей Михайловичке (21-0, 13 КО) қарсы жекпе-жек үшін алатын сыйақысының көлемін жариялады.
Әлімханұлы жекпе-жек үшін 350 мың доллар (167 миллионов тенге), ал Михайлович 200 мың доллар алатынына кепілдік берілген. Жекпе-жек аяқталған соң бұл сома әлдеқайда көп болуы мүмкін. Өйткені боксшылардың демеушілер мен промоутерлерден бонустар алуға құқығы бар.
Естеріңізге сала кетейік, Жәнібек Әлімханұлы мен Андрей Михайлович арасындағы жекпе-жек 13 шілдеде Лас-Вегаста өтеді. Қазақстан уақыты бойынша Top Rank Palms Casino Resort-тағы шоу 14 шілдеде таңғы 6-да басталады. Қазақстандық былғары қолғап шебері орта салмақтағы WBO және IBF әлем титулдарын қорғайды.
Әлімханұлы соңғы рет өткен жылы қазан айында Америка Құрама Штаттарында шаршы алаңға шықты. Ол алтыншы раундта неміс Винченцо Гуальтиериді (21-1-1, 7 КО) жеңіп, IBF белбеуіне ие болды.