Парижде өтетін жазғы Олимпиада ойындары қарсаңында Алексей Луценко жарақат алды. Сондықтан ол төртжылдықтың басты додасында тек бір сайыс түрінен ғана сынға түседі.
Естеріңізге сала кетейік, 2016 жылғы Олимпиада алдында Луценко жаттығу кезінде қатты құлап Олимпиадалық жарыстарға қатысудан бас тартуға мәжбүр болды. 2021 жылғы Токио Олимпиадасында Луценко уақыт бойынша және топтық жарыста өнер көрсетті. Бірақ, жүлделі орындарға ие бола алмады. Алексейдің өзі де, барша қазақстандықтар да алдағы 2024 жылы Парижде өтетін Олимпиадада медальдан үлкен үміт күткен еді. Дегенмен, Луценко «Тур де Франс» веложарысында Олимпиадаға бір апта қалғанда шабандоздар қақтығысына тап болып, жарақат алды. Нәтижесінде «Үлкен Күрмеудің» 17-кезеңінде жарыс жолын мерзімінен бұрын аяқтады.
«Алексей Луценко жарақат алды. Қазір Олимпиадалық веложарыстардың жоспары өзгеруде. Евгений Федоров пен Азияның ең үздік шабандозы орын алмастырады. Луценко бастапқыда жекелей және топтық жарыстарда өнер көрсетуі керек болса, енді ол топтық жарысқа ғана қатысады. Ал Федоров екі сайыс түрінен бақ сынайтын болады. Дегенмен, Алексей топтық жарысқа қатысу үшін ең әуелі қайта қалпына келуі керек», — деп мәлімдеді спортты дамыту дирекциясының баспасөз хатшысы Аян Төлеген.
Олимпиадада велоспорттан жекелей жарыстар 27 шілдеде жарыстың бірінші күні, Қазақстан уақытымен 19:34-те (UTC +5), топтық веложарыс 3 тамыз күні Қазақстан уақыты бойынша сағат 14:00-де басталады.