Париждегі олимпиада ойындарында бокстағы ең қызықты әрі маңызды жекпе-жектердің бірі өтті.
51 келіге дейінгі салмақта 1/4 финалда Сәкен Бибосынов пен өзбекстандық Хасанбой Дусматов кездесті. Дусматов 3:2 есебімен жеңіске жетіп, кем дегенде қола жүлдеге кепілдік алды.
Айта кетейік, 27 жастағы Бибосынов 2020 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегері, 2021 жылғы әлем чемпионы, сонымен қатар 2019 жылғы әлем чемпионатында үшінші орын алған. 2021, 2022 Азия чемпионаттарында қола және күміс алды.
31 жастағы Дусматов 2016 жылғы Олимпиада чемпионы, 2023 жылғы әлем чемпионы, 2015, 2017, 2022 жылғы үш дүркін Азия чемпионы, 2013 жылғы Универсиада чемпионы. Сондай-ақ 2017 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері.
Бұл Қазақстанның ерлер арасындағы Олимпиадалық турнирдегі алтыншы жеңілісі. Бұған дейін Махмұд Сабырхан (57 келіге дейін), Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (63,5 келіге дейін), команда капитаны Асланбек Шымбергенов (71 келіге дейін), Айбек Оралбай (92 келіге дейін) және Қамшыбек Қоңқабаев (92 келіге дейін) жарыстан шығып қалған болатын. Тек Нұрбек Оралбай (80 келіге дейін) әзербайжандық Мурад Аллахвердиевті жеңіп, кем дегенде қола жүлде алып тұр.
Сәкен Бибосыновтың бұл жеңілісі әлемдік бокстың жемқорлықтың шырмауына шыланғанын білдіртеді. Хасанбой Дусматовты осы қазірден Олимпиада чемпионы деп есептей берсек болатындай. Бұра тартқан төрешілік кәсіпқой спортшының сағын сындырды. Тек Сәкен емес қаншама былғары қолғап шебері көз жастарына ерік берді. Ағасы да, жағасы да жоқ, қорғансыздың күнін кешкен қайран қазақ боксы… Париж-2024 Олимпиадасы бокс тарихында әділетсіз шешімдермен есте қалатын болды.