Бүгін жеңіл атлеттеріміз жарыс жолына шығып, Нора Джерутодан басқа спортшылар бірінші мүмкіндіктерін сәтті пайдалана алмады. Іріктеу қорытындысы бойынша Нора Джеруто финалға жолдама алды. Ол өз тобында мәреге бесінші болып келді. Оның уақыт көрсеткіші – 9:16.46.
Джеруто 2022 жылы өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсету құқығына ие болды. Мұндай ауысулар кениялық спортшылар үшін елдегі жоғары бәсекелестікке және халықаралық жарыстарда өкілдік ету шектеулеріне байланысты қалыпты жағдайға айналған.
Өкінішке қарай, Қазақстан атынан өнер көрсететін тағы бір кениялық Дейзи Джемпекей 3000 м қашықтыққа жүгіруде финалдан сырт қалды. Ол өз тобында мәре сызығын оныншы болып кесті. Джемпекейдің уақыт көрсеткіші – 9:24.69.
Сондай-ақ Париж Олимпиадасында 200 метрге жүгіруден іріктеу сыны өтті. Бұл жарыста қазақстандық Ольга Сафронова өз тобында мәреге жетінші болып келді. Оның уақыт көрсеткіші — 23.58 секунд. Жартылай финалға әр топта бірінші орын алған спортшылар өтті. Дегенмен Ольга Сафронованың әлі де мүмкіндігі бар. Ол жұбаныш айналымында сынға түседі.
Айта кетейік, Ольга Сафронова Асланбек Шымбергеновпен бірге Олимпиада ойындарының ашылу салтанатында көк байрақты көтеріп шыққан болатын.
110 метрге кедергілер арқылы жүгіруде Давид Ефремов 13.88 уақыт көрсеткішімен мәреге 7-болып келді. Енді жартылай финалға шығу үшін Давид 6 тамыз күні 13:50-де жұбаныш айналымында бағын сынап көреді.