Бүгін,сәрсенбі, 7 тамыз күні Парижде (Франция) өтіп жатқан Олимпиада ойындарында 77 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде грек-рим күресінен қазақстандық палуан Демеу Жадраев финалда жапониялық Нао Кусакамен белдеседі.
Кездесу «Хабар» телеарнасынан тікелей эфирде Астана уақытымен 21:10-да басталады. Жадраев пен Кусака арасындағы кездесу 22:11-ге жоспарланған.
Демеу бүгінгі бәсеке алдында:
«Алдыда маңызды финал! Шешуші айқаста жолығатын жапон палуанымен осыған дейін де күресіп жеңілген едім», — дейді.
Бірақ, бүгін тарихты қайта жазатын сәт емес пе? Демеу онсыз да финалға шығып толағай табысқа жетті. Енді тағы бір қадам, тарихи жеңісті күтеміз Даңқты Жақсылық Үшкемпіровтің батасын алған бауырымыз бүгін өліспей-беріспейді деп сенеміз. Енді 35-інде финалға дейін жеткен соң, барын салуы тиіс қой Демеудің қарсыласы да алымды. Нао әлем чемпионы, жапон палуанының әлеуетін іріктеуден-ақ байқаған боларсыздар? Финалға алқынбай жетті. Жартылай финалда армян қарсыласымен ғана аздап іркілгені болмаса, өзіне өте сенімді көрінеді Қалай дегенде де бүгін Демеуді демеп жіберейік! Отандасымыз үшін спорттық мансабындағы, өміріндегі ең маңызды белдесу болайын деп тұр.
Айта кетейік, Демеу Жадраев 2017 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері және Азия чемпионатының төрт дүркін жүлдегері. Қазақстандық әлемдік рейтингте жетінші орында тұр. Жадраев финалға жету үшін колумбиялық Джаир Куероны 9:0 есебімен ұтты. Одан кейін сенсациялық түрде әлемнің екі дүркін чемпионы және 2020 жылғы Олимпиаданың күміс жүлдегері, қырғыз балуаны Ақжол Махмудовты 3:1, ал жартылай финалда әзірбайжандық Санан Сулеймановты сенімді түрде жеңді — 6:1.
Ал Нао Кусака әлемдік рейтингтің көшбасшысы. Жапониялық 2023 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері және 2024 жылғы Азия чемпионы.