«Астана» румыниялық «Корвинулмен» кездесудің қорытындысы бойынша Конференция лигасының плей-офф кезеңіне шықты. Алматыда өткен үшінші іріктеу кезеңінің қарымта кездесуі 6:1 есебімен астаналықтардың пайдасына аяқталды. Бірінші таймда елордалық клуб есеп ашты. 13-минутта Джеффри Чинеду гол соқты. 57-минутта Марин Томасов есепті еселеп, 68-минутта Чинеду дубль жасап, есепті 3:0-ге жеткізді.
73-минутта Назми Грипши румыниялық клубтың қақпасына төртінші голды соқты. Томасов бесінші голды 76-минутта соқты. 78-минутта Михай Велисардың алыстан соққан соққысынан кейін «Корвинул» есепті қысқартты. 84-минутта Эльхан Астанов ойынның нүктесін қойды — 6:1. Бұл елордалық ұжым үшін Еурокубок сайыстарындағы рекордттық көрсеткіш. Бұған дейін «Астананың» рекорды израильдік «Маккабиді» (Тель-Авив) 4:0, сондай-ақ мальталық «Валлетта» командасын 5:1 және 4:0 есебімен жеңген болатын.
Естеріңізге сала кетейік, Румынияда өткен алғашқы ойында астаналықтар 2:1 есебімен қарсыластарынан басым түсті. Турнирдің плей-офф кезеңінде «Астана» Сент-Миррен (Шотландия) — Бранн (Норвегия) жұбының жеңімпазымен ойнайды.