«Барыс-Аренада» елордалық ұжым мен ресейлік «Амур» командасы кездесті. Алғашқы кезең тең дәрежеде өтіп, қарсыластар бір-бірінің осал тұсын таба алмады. Екінші кезеңнің басында қонақтар бірінші болып есеп ашты. 25-минутта канадалық Девин Броссо қақпаны дәл көздеді.
Алаң иелері үшінші кезеңнің ортасында ғана есепті теңестіре алды. «Барыс» сапына жаңадан қосылған жұлдызды ойыншы Дамир Жафьяров 50-минутта гол соқты. Бір жарым минут өткен соң елордалық клуб сапынан екінші голды Уилл Батчер соқты.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Президентінің Кубогы 14-18 тамыз аралығында өтуде. Командалар бір-бірімен айналмалы жүйеде ойнайды. Содан кейін үшінші орын және финал үшін матч өтеді.
Президент Кубогы аясында өткен тағы бір матчта Қазақстан құрамасы толяттилік «Ладамен» кездесті. Қарсылас команда есеп ашты, ал Роман Старченко бір минутқа жетпей есепті теңестіре алды. Бірақ, екінші кезең аяқталмай жатып Қазақстан құрамасының қақпасына тағы 4 гол соғылды. Үшінші кезеңде «Лада» ойыншылары құрамамыздың қақпасына жауапсыз тағы үш гол соқты. Қорытынды есеп 7:1, ресейлік команданың пайдасына.
Ертең, 15 тамызда «Амур» «Ладамен», ал «Барыс» Қазақстан құрамасымен сынға түседі.