«Астана» Конференция-Лигасының топтық кезеңінде маңызды ойында Загребтің «Динамосынан» жеңіліп қалды.
Бесінші тур кездесуі «Астана Арена» стадионында өтіп, 2:0 есебімен қонақтардың пайдасына аяқталды. Жеңімпаздар сапынан Габриэль Видович (48-минут) пен Такуро Канеко (79-минут) гол соқты. Алаң иелері 73-минутта Душан Йованчичтің алаңнан қуылуына байланысты ойынды 10 ойыншымен аяқтады.
«Астана» командасы бірінші таймды жақсы өткізді, тіпті бірінші болып есеп ашуы мүмкін еді, бірақ Дембо Дарбо 12-минутта пенальтиден мүлт кетті. Григорий Бабаян шәкірттерінде біраз мүмкіндіктер болды. Бірақ олар оны пайдалана алмады. Үзілістен кейін футболдағы «Егер сіз гол соқпасаңыз, олар сізге гол соғады» деген теория расталды. Осы табысының арқасында «Динамо» алты ұпай жинап, «С» квартетінде соңғы, төртінші орыннан екінші орынға көтерілді. Төрт ұпайы бар елордалықтар үшінші орынға жайғасты. «Астана» келесі ойынын сыртта 14 желтоқсанда «Виктория» (Пльзень) командасымен өткізеді.
Ал чехиялық Виктория 2023/24 жылғы Конференция лигасының топтық кезеңінде қатарынан бесінші жеңісіне қол жеткізді. Соңғы турда Пльзеньдік клуб сыртта Косовоның «Балканимен» кездесті. Косовода өткен кездесу 1:0 есебімен қонақтардың минималды жеңісімен аяқталды. Жалғыз голды 81-минутта қосалқы құрамнан шыққан жартылай қорғаушы Павел Шульц соқты.
Осы нәтиженің арқасында «Астананың» топтан шығуға әлі де теориялық мүмкіндігі бар. Енді оған турнирдің 1/8 финалына мерзімінен бұрын өткен «Викторияны» жеңу керек. Сонымен қатар «Балканидің» Загребтегі «Динамоны» жеңуін күту керек. Бұл кездесулердің барлығы 14 желтоқсан, бейсенбі күні өтеді.
«Виктория»мүмкін болатын 15 ұпайдың барлығын жинады. Бес матчтың төртеуінде чехиялық клуб 1:0 есебімен жеңіске жетті. Тек «Астана» ғана команданың осал тұсын тапты. «Балканиге» келер болсақ, төрт ұпаймен турнир кестесінің соңғы орнында қалды. Кездесулердегіжақсы статистиканың арқасында «Астана» бәсекелестерінен алда келеді.