Мария Федоренко бастаған 18 жасқа дейінгі Қазақстан әйелдер құрамасы әлем чемпионатына (екінші дивизион, А тобы) дайындықты жалғастыруда. Турнир Латвия астанасы Ригада 2025 жылдың 20-26 қаңтары аралығында өтеді. Біздің қыздардың қарсыластары Латвия, Ұлыбритания, Нидерланды, Жаңа Зеландия және Қытай Тайбэйінің құрамалары болмақ.
Өскеменде хоккейден жасөспірімдер арасындағы әйелдер құрамасының турнирге дайындық бойынша оқу-жаттығу жиынының екінші кезеңі аяқталды. Осы орайда құраманың бас бапкері әлем чемпионатына дайындық жайлы сөз қозғады.
— Екінші кезеңге жазда алғашқы оқу-жаттығу жиынында болған үміткерлер шақырылды. Техникалық-тактикалық жаттығуларға баса назар аударылды. Біз бірнеше жолдастық кездесулер өткіздік. Атап айтқанда «Торпедо» әйелдер командасының ойыншыларымен және «Торпедо» жігіттерімен. Нәтиже жаман емес, мақсат – медаль алу.
— 2011 жылы «Торпедоға» қарсы матчтар қалай өтті?
— Біз 3:6 есебімен жеңіліп қалдық, бірақ матч өте серпінді өтті. Көптеген мүмкіндіктерді пайдалана алмадық. Сондықтан бұл кездесуде жеңіліп қалдық.
— Оқу-жаттығу жиыны кезінде нені ерекше атап айтар едіңіз?
— Топты алға жетелеп, гол соғатын ойыншылар бар. Чемпионатта барлығы психологиялық тұрғыдан дайын болып, жақсы кездесулер өткіземіз деп сенейік.
— Ұлттық құрамада дебютанттар көп бола ма?
— Ойыншылардың көпшілігі халықаралық аренада өнер көрсетіп үлгерді. Сонымен қатар осы турнирде дебют жасайтын бірнеше жаңа хоккейшілер бар.
— Үшінші кезең туралы айтып берсеңіз?
— Алда әлем чемпионатына дайындықтың үшінші кезеңі күтіп тұр. Басты құрам қазірдің өзінде сонда болады. Жолға шығар алдында тактикалық жаттығулар мен жолдастық кездесулер өткізіп, Латвияға бағыт аламыз.