«Астана» Конференция лигасының топтық кезеңіндегі алғашқы ұпайларына қол жеткізді. Елордалық команда косоволық «Балканимен» өткен матчта жеңіске жетті. Командалардың кездесуі Приштинада өтіп, 2:1 есебімен қонақтардың пайдасына аяқталды. Астаналықтар бірінші болып 7-минутта Камо Оганесянның күшімен есеп ашты. Бірақ қазақстандықтардың қуанышы ұзаққа бармады. Өйткені бір минуттан соң Эдвин Куч Йосип Хондричті қапы қалдырды. Ал 23-минутта Григорий Бабаян шәкірттері ойында тағы да алға шығып, бұрыштамадан кейін Абзал Бейсебеков гол соқты.
Үзілістен кейін «Астана» аса сақтықпен ойнады. Бұл алаң иелеріне бірнеше өткір шабуылдар жасауына кедергі болмады. Қуанышымызға орай, олар өз мүмкіндіктерін пайдалана алмады.
Матчтың соңында Бабаян ойыншыларды алмастыру арқылы ойынға жаңа бір серпіліс беруге тырысты. Марин Томасовтың ойынның нүктесін қоюға жақсы мүмкіндігі болғанымен, оны пайдалана алмады. Соған қарамастан, астаналықтар соңғы ысқырық естілгенше есепті сақтап қалды және турнирдің топтық кезеңінде алғашқы ұпайларына қол жеткізді.
«Астананың» бас бапкері Григорий Бабаян матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында Конференция лигасының топтық кезеңінде «Балканимен» болған ойындағы төреші туралы өз пікірін білдіріп, оның жұмысына көңілі толмайтынын мәлімдеді.
«Төрешілікке көңіліміз толмады. Кейбір сәттер пайдамызға шешілмей, сонымен қатар бізге бірден сары қағаз көрсетілді. Бірақ, қарсыластарға көрсетілмеді. Қақпашыға қарсы сондай агрессивті ойын байқалды. Алайда төреші ысқырмады. Мен мұның неге қатысты екенін білмеймін. Олар бізге көп сары қағаз көрсетті. Мүмкін олар бізді Еуропада көргісі келмейтін шығар. Адамдардың неге бұлай баға беретінін білмеймін. Бұл мүлдем түсініксіз. Ең бастысы жеңіске жеттік», — деді Бабаян.
Төртінші тур ойындары аясында 9 қараша күні «Астана» — «Балкани», «Виктория» (Пльзен) — «Динамо» (Загреб) командалары кездесу өткізеді.