Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Ұлттар лигасының топтық кезеңінің бесінші турында Эстониядан жеңіліп қалды.
«Астана Аренада» өткен кездесу 1:0 есебімен қонақтардың пайдасына аяқталды. Шешуші голды 6-минутта Кристина Банникова соқты. Қазіргі уақытта С4 тобында келесідей турнирлік жағдай қалыптасты: Израиль (10 ұпай), Эстония (10), Қазақстан (5), Армения (0). Бірінші және соңғы командалар төрт матч өткізсе, қалғандары бес матч өткізді. Қазақстан әйелдер құрамасының келесі ойыны 5 желтоқсанда Астанада армениялық қыздарға қарсы өтеді.
Кездесу аяқталған соң ұлттық құрама футболшысы Карина Берікова Эстониямен өткен матчқа байланысты өз пікірін білдірді.
«Бүгінгі ойын қиын болды. Бар күшімізді салдық. Екінші таймда гол соғуға тырыстық. Алдыңғы шабуылда ойын жетіспеді. Будапеште екі ойын ойнадық. Сонда бар күшімізді сарпыдық. Кішкене қиын болды. Ұтылмауға тырыстық. Бірақ, өкінішке орай 1:0 есебімен жеңілдік. Алдағы ойынға 100 пайыз дайындаламыз. Жеңіске жетеміз деп ойлаймыз. Жанкүйерлерге қолдау білдіргендері үшін алғыс айтамыз», — деді Карина Берікова.
Топтық кезеңнің соңында лигада автоматты түрде жоғары/төмен жылжитын командалар, сондай-ақ Ұлттар лигасының бірінші финалдық кезеңінің төрт қатысушысы (А лигасының төрт топ жеңімпазы) белгілі болады. Топтық кезеңнің қорытындысы бойынша плей-офф матчтарының қатысушылары да анықталады. Бұл әйелдер арасындағы Еуропалық іріктеу турнирінің топтық кезеңіндегі командалардың бастапқы орындарын анықтайды.