Қазақстан хоккейден әлем чемпионатында қатарынан төртінші матчта жеңіске жетті.
Жастар арасындағы әлем чемпионатының төртінші кездесуінде Қазақстан құрамасы Жапониямен кездесті. Есепті бірінші болып қарсыластар сапынан 6-минутта Сасаки ашты. Ал хоккейшілеріміз ойынның бірінші кезеңінің соңында ғана есепті теңестіре алды. Гол авторы Егор Смолянинов. Екінші кезеңде Кирилл Ляпунов біздің команданы алға шығарды. Үшінші кезеңде Руслан Оспанов ойынның соңғы нүктесін қойды.
Қазақстан — Жапония — 3:1 (1:1, 1:0, 1:0)
0:1 — 06:23 — Сасаки (Сузуки, Койва)
1:1 — 18:30 — Смолянинов (Ляпунов, Хан)
2:1 — 38:21 — Ляпунов Г.Б
3:1 — 53:17 — Оспанов (Бреус)
Қақпашылар: Никитин — Кудо
Осылайша хоккейден Қазақстан жастар құрамасы элита қатарына енді. Франция құрамасы Аустрия құрамасын жеңгеннен кейін Қазақстан құрамасы IA дивизионында жастар арасындағы әлем чемпионатының турнирлік кестесінің бірінші сатысына көтеріліп, мерзімінен бұрын жоғары дивизионға жолдама жеңіп алды. Тіпті финалдық кездесуде Аустриядан жеңіліп, жеке кездесулер бойынша Франция құрамасымен тең ұпай жинаған жағдайда да Қазақстан жастар құрамасы чемпион атанады.
Естеріңізге сала кетейік, турнирдің төрт кездесуінде хоккейшілеріміз Венгрия, Франция, Дания және Жапония құрамаларын жеңіп, 12 ұпай жинаған болатын. Команда финалдық кездесуін 16 желтоқсаннан 17 желтоқсанға қараған түні Аустрияға қарсы өткізеді.
20 жасқа дейінгі жастар құрамасы соңғы рет 2020 жылы Сергей Старыгиннің жетекшілігімен әлемнің үздік он жастар құрамасының қатарында өнер көрсетті. Келесі жастар арасындағы әлем чемпионаты 2024 жылдың 26 желтоқсаны мен 2025 жылдың 5 қаңтары аралығында Канадада өтеді.