Қазақстан құрамасының бұрынғы капитаны, Қазақстан чемпионы, ҚР Кубогының иегері, 2002 жылғы еліміздің үздік жартылай қорғаушысы, қазақ футболының аңызы Нұрдәулетов Қайрат Жұмабекұлы Жетісу командасының бас бапкері болып тағайындалды.
Бүгін «Жетісу» ФК директоры Қалмұхамет Донсебаев «Жетісу» командасының әкімшілігінің қызметкерлеріне, ойыншылырына команданың жаңа бас бапкері — Қайрат Нұрдәулетовті таныстырды.
Оның соңғы сәтке дейін Қазақстан жастар құрамасын басқарғанын және «Жетісу» командасының негізін жас ойыншылар, жергілікті тәрбиеленушілер құрайтынын ескере отырып, клуб директоры енді өзінің жаңа тәлімгерінің тәжірибесімен байытылған жетісулықтардың жаңа оң қасиеттерге ие болатынына сенім білдірді.
«Бұл міндетті түрде жас ойыншылардың ойын сапасына әсер етеді және командаға жоғары нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Қайрат Нұрдәулетов «Жетісу» клубының басшылығына көрсеткен сенімі үшін алғысын білдіріп, жастармен жұмыс істеуде де, Премьер-Лиганың атақты футбол клубтарының құрамында ойыншы ретінде алған барлық күш-жігерін және жинаған тәжірибесін жұмсауға уәде берді», — деп атап өтті Қалмұхамет Донсебаев
Қайрат Жұмабекұлы – ойыншы ретінде «ЦСКА-Қайрат», «Есіл-Богатырь», «Ертіс», «Қайрат», «Тобыл», «Астана» және «Қайсар» командаларында өнер көрсетті. Қайрат Нұрдәулетов мансабын аяқтаған соң ұлттық құраманың жаттықтырушылар штабына енді, кейін Қазақстан жастар құрамасының бас бапкері қызметін атқарды.