Елордалық велоклубтың жаңа маусымдағы басты мақсаты — Парижде өтетін Олимпиада ойындарында жоғары деңгейде өнер көрсету.
Astana Qazaqstan Team 2024 жылғы команданың әлемдік велоспорттың жоғарғы лигасындағы 19-шы маусымына арналған құрамын ресми таныстырды.
Қазақстан чемпионы Алексей Луценко мен ең үздік спринтерлердің бірі Марк Кавендиш бастаған команда 14 жаңа шабандозбен өнер көрсетеді. Олардың екеуі құрлықтық Astana Qazaqstan Development Team командасынан (Харольд Мартин Лопес пен Никола Винокуров) және тағы екі шабандоз басқа қазақстандық жобалардан (Даниил Марухин және Антон Кузьмин) келеді.
2024 жылы команда құрамында барлығы 29 шабандоз болады. Оның 10-ы Қазақстан Республикасының атынан өнер көрсетеді.
«Менің ойымша, біз жас таланттар мен пелотонда танымал және құрметті, тәжірибелі шабандоздардан тұратын жақсы ұжымды құра алдық. Ендеше, жаңа маусымда алдымызға биік мақсаттар қойып отырмыз. Спринт бойынша маңызды тәжірибе жинадық және 2024 жылға дейін бұл бағытты күшейту арқылы біз барлық деңгейдегі жарыстарда жаппай спринтте әлдеқайда үлкен жетістіктерге қол жеткізе аламыз. Бұған қоса, командада бұрыннан бар шабандоздармен және қазір жаңадан қосылып жатқан спортшылармен команда апталық жарыстарда да, «классикада» да жақсы өнер көрсете алады деп ойлаймын. Иә, қағаз жүзінде бізге Гранд Турдың жалпы турнирлік кестесінде жоғары орындарға таласатын шабандоз әлі де жетіспейді. Бірақ маусымның қалай өтетінін көреміз. Біздің құрамада бірнеше талантты, мықты шабандоздар бар. Сондықтан біз суперкөпкүндік жарыстарда да шабандоздар жетіспеушілігі болмайды деп ойлаймыз. Қиынға соққан біргенеше жылдардан кейін біз алдағы маусымға оптимистік көзқараспен қараймыз және 2024 жылды жақсы бастаймыз деп үміттенеміз. Кәсіби күнтізбедегі міндеттерден басқа, маусымның басты бастамаларының бірі Париждегі Олимпиада ойындары болатынын жақсы білеміз. Ал команда өз тарапынан шабандоздарды Олимпиадада ең жоғары деңгейде өнер көрсетуге дайындау үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды. Қазақстан құрамасының міндеттері Astana Qazaqstan Team үшін әрқашан басымдық болып келді және болып қала береді. Сондықтан да спортшыларды дайындауға және Олимпиадада ел намысын қорғайтын команданы ғана емес, сонымен қатар Азия чемпионаттарында, әлем чемпионаттарында және Азия ойындарында толық техникалық тұрғыдан қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді», — деді Astana Qazaqstan Team бас менеджері Александр Винокуров.
Astana Qazaqstan Team командасының 2024 жылға арналған толық құрамы төмендегідей:
Давиде Баллерини (Италия), Самуэле Баттистелла (Италия), Кейс Бол (Нидерланды), Глеб Брусенский (Қазақстан, Азия чемпионы), Марк Кавендиш (Ұлыбритания), Антон Чармиг (Дания), Игорь Чжан (Қазақстан), Евгений Федоров (Қазақстан), Лоренцо Фортунато (Италия), Джанмарко Гарофоли (Италия), Микеле Гадзоли (Италия), Евгений Гидич (Қазақстан), Дмитрий Груздев (Қазақстан), Макс Кантер (Германия), Антон Кузьмин (Қазақстан), Алексей Луценко (Қазақстан чемпионы), Харольд Мартин Лопес (Эквадор), Даниил Марухин (Қазақстан), Хенок Мулюбырхан (Эритрея, Африка чемпионы), Микаэль Мёркёв (Дания), Вадим Пронский (Қазақстан), Кристиан Скарони (Италия), Иде Схеллинг (Нидерланды), Рюдигер Зелиг (Германия), Глеб Сырица (нейтралды статус), Харольд Техада (Колумбия), Сантьяго Умба (Колумбия), Симоне Веласко (Италия чемпион), Николя Винокуров (Қазақстан).