Түркияның «Галатасарай» мен «Фенербахче» клубтары ел суперкубогын ойнаған жоқ. Олардың арасындағы кездесу жұма күні, 29 желтоқсанда Сауд Арабиясында өтуі керек еді.
«Чемпионаттың» хабарлауынша «Галатасарай» мен «Фенербахче» клубтары арасында кездесу басталар алдында жанжал шыққан. Ұйымдастырушылар екі клубтың өкілдерінен түрік әнұраны орындалып жатқан кезде Түркияның тұңғыш президенті Мұстафа Кемал Ататүрік бейнеленген жейделермен алаңға кіруден бас тартуды талап етті.
Сонымен қатар, қос команданың жанкүйерлері шырқаған әнұранның дауысын басу үшін басқа әуен қойылды. Қос тарап та, олардың жанкүйерлері де мұның бәрін өздеріне және өз тарихына құрметсіздік деп санады. Өйткені, бұл кездесу де Түрік Республикасының құрылғанына жүз жыл толуына арналды. Сондықтан «Галатасарай» мен «Фенербахче» клубтары матчты өткізубеу туралы шешім қабылдады.
«Республикамыздың және Түркия футбол федерациясының жүз жылдығын шетелде атап өту үшін және түрік футболы мен клубтарымыздың бренд құндылығын арттыруға көмектесетін іс-шаралар ұйымдастырдық. Жұма күні, яғни 2023 жылдың 29 желтоқсаны өтуі тиіс Түркия суперкубогы матчы ұйымдағы кейбір үзілістерге байланысты клубтарымыздың бірлескен шешімімен кейінге ауыстырылды. Футбол федерациясына және қабылдаушы елдің тиісті мекемелері мен ұйымдарына суперкубокты ұйымдастыру үшін жұмсаған күш-жігері үшін алғыс айтамыз», — делінген клубтың бірлескен мәлімдемесінде.
Түркия суперкубогының қашан өтетіні және Сауд Арабиясы финалды өткізу құқығын сақтап қала ма, жоқ па, ол да әзірге белгісіз.