Түркістан қаласында 14 пен 18 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты басталды.
Көне шаһарға Қазақстанның барлық облыстарынан 400-ден астам спортшы келді. Олар бірнеше күн ішінде еліміздің чемпиондары мен вице-чемпиондарын анықтауы керек. Ағымдағы жағдайға сәйкес жеңімпаздарды Қазақстан шахмат федерациясы әлем және құрлықтық чемпионаттарға жібереді. Турнирдің жүлде қоры 5 миллион теңгеден асады. Әр жас санатында қатысушылар 930 000 теңге ұтып алу үшін сынға түседі.
Сондай-ақ Магнус Карлсенді сенсациямен ұтқан Әлішер Сүлейменов, жуырда ғана Самарқандта өткен әлем чемпионатында АҚШ-тың үш дүркін чемпионы Фабиано Каруананы жеңген Денис Махнев сынды бүгінгі жұлдыздарымыз да басқа шахматшылар секілді турнирлердің кезеңдерінен өтуі шарт. Осылайша шуақты шаһарда тағы бір жас шахмат жұлдызы жанбақшы.
Ал Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры Гүлмира Дәулетова балалардың былтырғы жетістіктері үшін алғысын білдірді.
«Президентімізге Туризм және спорт министрлігі спорт федерациясының үздік президенті атағын беру біз үшін үлкен мәртебе және бұл біздің ортақ жетістігіміз. Сіздердің еңбектеріңіз бен шахматты дамытуға қосқан үлестеріңізді жоғары бағалаймыз», — деді Гүлмира Дәулетова.
Айта кетейік, 2023 жыл Қазақстан шахмат федерациясы үшін ең жемісті жыл болды. Еліміздің шахматшылары 116-дан астам түрлі санаттағы медальдар ұтып алды.