Ростов қаласының тумасы Александр Шевченко Қазақстан сапындағы алғашқы кездесуін жеңіспен аяқтады.
Александр Шевченко Монпельедегі (Франция) ATP 250 турнирінде жұптық сайыста өнер көрсетуде. Ол Александр Бубликпен бірінші айналымда америкалық Эван Кинг/Риз Шталдер жұбын 6:4, 6:3 есебімен ұтты. Қарсыластар кортта 60 минут өткізді. Кездесу барысында қазақстандық жұп 5 эйс пен 6 қос қателік жасаса, америкалықтар 2 рет қос қателікпен қатар 2 мәрте допты ойынға қосу барысында қиыс кетті.
Ширек финалда қазақстандық жұп Ллойд Гласспул/Анри Паттен (Ұлыбритания) — Анируд Чандрасехар/Виджай Сундар Прашант (Үндістан) кездесуінің жеңімпазымен ойнайды.
Естеріңізге сала кетейік, өткен аптада Шевченко Қазақстан азаматтығын алғанын ресми түрде мәлімдеген болатын.
Ал Александр Бублик жұптық сайыспен қатар жекелей сында да өнер көрсетеді. 26 жастағы қазақстандық теннисшінің 1/8 финалдағы қарсыласы канадалық Денис Шаповалов болмақ. Теннисшілер 2020 жылдан бері екі рет кездескен. Екі кездесуде де Бублик жеңіске жеткен. Денис пен Александр соңғы рет 2021 жылдың 4 мамырында Мадридтегі Мастерс турнирінде сынға түсті. Ол уақытта 1/16 финалда Бублик үш сетте де 6:4; 5:7; 6:4 есебімен қарсыласын тізе бүктірді.
24 жастағы Канада өкілі кеше Франциядағы турнирді өте тартысты кездесумен бастады. Шаповалов 1/16 финалда француз Уго Гастонды екі сетте айқын басымдықпен жеңді — 6:1; 6:3. Бұл оның жаңа маусымдағы алғашқы жеңісі. Теннисшілер кортта бір сағат бес минут уақыт өткізді.