Астана әуежайында қола жүлдегерлерді әуенмен және дәстүрлі «шашумен» салтанатты түрде қарсы алды. Чемпиондарды құттықтауға ата-аналар мен жанкүйерлер ғана емес, «Барыс» командасының, Қазақстан хоккей федерациясының, Спорт министрлігінің өкілдері де жиналды.
Кореяның Канвон қаласында өтіп жатқан жасөспірімдер Олимпиадасы аяқталуға жақын. Өткен аптада 3х3 хоккей командасы (U16) Олимпиаданың қола жүлдесін иеленді. Бұл Қазақстан құрамасының 2024 жылғы жасөспірімдер олимпиадасындағы жалпы медальдық есепте үшінші медалі.
Жастарымыз іріктеу кезеңінде 7 кездесу өткізіп, Польша, Испания, Ұлыбритания және Тайпэй құрамаларын жеңіп, Латвия, Дания және Аустрия құрамаларына есе жібердің. Матчтардың нәтижесі бойынша төртінші орын алған Рамазан Қайдаровтың шәкірттері Польшамен бірге 12 ұпай жинап, жартылай финалға шықты. Дегенмен, жеке кездесудегі жеңістің арқасында плей-офф кезеңіне Қазақстан хоккейшілері жолдама алды. Өкінішке қарай, финалға шығу үшін өткен кездесуде командамыз осы доданың жеңіліс көрмеген көшбасшысы – Латвия құрамасынан ұтылды. Қола үшін күресте біздің құрама минималды айырмашылықпен жеңіске жетті — 6:5. Латвия жастары 3х3 турнирінің чемпионы атаса, даниялықтар күміс алды.
Турнир барысында біздің жігіттер 83 гол жіберіп алса, барлығы 104 гол соқты. Айта кетейік, командалар мұндай форматтағы турнирге алғаш рет қатысып отыр. Осы орайда Қазақстан жасөспірімдер құрамасының капитаны жарыстан алған әсерімен бөлісті.
«Бұл өте қызықты формат. Көп гол соғылды. Қызықты матчтар, мықты қарсыластар. Жеңіске жеткеніміз тамаша болды және бапкерімізге алғыс айтамыз. Үшінші орын үшін өткен матчтың соңғы минуттарында аяққа тұру, тіпті қолыма таяқ ұстау қиын болды. Соңғы ысқырықтан кейін мен жеңіске жеткенімізге сене алмадым. Эмоцияларды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бұл нағыз Олимпиада ойындарындай әсер қалдырды. Бүкіл ел бізге қолдау көрсетті», — деді 3х3 жасөспірімдер құрамасының капитаны Тайыр Бигаров.
Команда оқу-жаттығу жиынына Кореяға ұшар алдында бір апта бұрын жиналды. Дегенмен бапкерлер штабының айтуынша, «Барыс-2008» оқу-жаттығу жиындары кезінде бұл форматқа дайындық болған. Негізгі құрамда ойнаған қақпашы Арсений Кучковскийдің иығына үлкен жүк түсті. Айдын шағын болғандықтан, еркін қимылдауға көп мүмкіндік бермейді. Бірақ кез келген нүктеден соққы жасауға ыңғайлы.
«Уақыт аз болды, турнирге тез арада дайындалдық. Бапкерлер штабы бағдарлама жасап, 3х3 форматы бойынша жаттықтырды. Бұл өте ерекше. Әсіресе алғашқы ойындар керемет болды. Ережелер мен форматқа үйрену қиын. Турнир біткенше жиналып, қалай ойнау керектігін, не істеу керектігін түсіндік. Бәрі ойдағыдай өтті. Қызықты, бірақ қажытатын және көп энергияны қажет ететін формат. Бұл физикалық қана емес, моральдық тұрғыдан да қиын болды. Ойыннан кейін, күніне екі матч өткізу оңай емес. Бірақ бәрі барын салды. Аустриямен өткен ойынның соңғы минуттары қиынға соқты. Басым айналып, денем қызды. Алайда біз бар күшімізді салып, қола медаль жеңіп алдық», — деп қоса кетті құрама капитаны.
Қола жүлдегерлер қатарында 2008 жылы туған және 16 жастан асқан ойыншылар бар. Негізгі ойыншылар және жаттықтырушылар құрамы Қазақстан чемпионатында ғана емес, Ресей чемпионатында да өнер көрсететін «Барыс» жасөспірімдер спорт мектебінен. Сонымен қатар, команда хоккейшілері шетелде де ойнайды. Өткен жылғы Солтүстік Америкаға сапары кезінде осы жастағы бірнеше хоккейшілерміз көзге түсіп, осы маусымда сонда ойнауға кетті. Сол жігіттердің екеуі Олимпиадалық жасөспірімдер құрамасына кірді — Бексұлтан Мақыш (Бостон академиясы) және Арман Төлен (Кливленд Баронс). Кореядан оралған хоккейшілер маусымды өз командаларымен жалғастыруға аттанды.