Футболдан 4 сәуір мен 24 қазан аралығында еліміздің 13 өңірінен 16 клубтың қатысуымен Бірінші лига матчтары өтеді.
Бас жүлде үшін «Ақжайық», «Ақтөбе-Ж», «Алтай», «Арыс», «Жетісай», «Қайрат-Жастар», «Қайсар Жас», «Каспий», «Қыран», «Оқжетпес», «Тараз», «Түркістан», «Ұлытау», «Хан-Тәңірі», «Екібастұз» және SD Family футбол клубтары таласады. Осы маусымнан бастап Бірінші лиганың қатысушы клубтарының барлық ойыншылары отандық футболшылардан жасақталуы тиіс.
Турнир қорытындысы бойынша бірінші және екінші орын алған клубтар келесі маусымда Премьер-лигада бақ сынауға мүмкіндік алса, 15-16 орынға табан тіреген ұжымдар Екінші лигаға төмендейді.
Осы орайда Qazaqstan Football League президенті өз пікірімен бөлісті.
«Отандық футболға деген демеушілердің сұранысы қуантады. Біз лиганың коммерциялануы үшін, одан әрі жұмысты жалғастыра береміз. Демеушілердің көмегі Бірінші лиганың дамуына жаңа серпін береді деп сенемін», — деді Qazaqstan Football League президенті Рафаэль Гарибян.
Ойындар әр апта сайын өтеді. Ал ұлттық құрама матчтарына байланысты үзіліс алған премьер-лига матчтары бүгін жалғасын тапты.