25 қазан — Республика күні қарсаңында футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Пауло Рикардо Кака II дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды.
Құрметті атақ Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен елімізде спортты дамытуға және оны нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін берілді. Бас бапкерге марапатты ҚР туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев табыс етті.
Айта кетейік, осыдан бірер күн бұрын Қазақстан футбол федерациясы футзалдан Қазақстан құрамасының бас бапкері Пауло Рикардо Какамен келісімшарт мерзімін ұзартқан болатын. Жаңа келісімшарт 2026 жылдың соңына дейін жасалды.
Кака Қазақстан құрамасын 2018 жылдан бері жаттықтырып келеді. Оның қол астында біздің құрама 2021 жылғы Әлем чемпионатында төртінші орын алды. Бұл Қазақстан құрамасының әлем чемпионатындағы ең үздік көрсеткіші. Бұған қоса Қазақстан құрамасы қазіргі уақытта ФИФА рейтингінде бесінші орында тұр.