Бүгін, 15 қараша ұлттық құрама Билли Джин Кинг кубогының плей-офф кезеңінде Оңтүстік Кореяға қарсы ойын алдында баспасөз мәслихатын өткізді. Сұрақтардың бірі Елена Рыбакинаның Қазақстан құрамасы сапында, соның ішінде Олимпиада ойындарына қатыса алмауына байланысты жанкүйерлердің теріс пікірі жайлы болды.
— Ұлттық құрама сапында ойнауға құлықсыз деген қазақстандықтардыңсыны сізге әсер ете ме, бұл жағдай сіздің ойыныңызға қалай әсер етуі мүмкін?
«Расында, әңгіме көп. Бірақ мені қолдайтындар да бар. Мен өзімді жақсы сезінбесем, тіпті кортқа шығу туралы сөз қозғаудың да қажеті жоқ. Қазір өзімді бабымда сезінемін. Бірақ, мінсіз деп айта алмаймын. Дегенмен, менің ойымша, егер біз жүз пайыз барымызды салсақ, одан әрі ілгерілеуге, жеңіске жетуге мүмкіндігіміз бар», — дейді теннисші.
— Теннис – әлемдегі ең жоғары сыйақы төленетін спорт түрлерінің бірі. Бірақ, сіз ұлттық құрама матчтарында маусымдағы турнирлердегідей көп ақша таба алмайсыз. Айтыңызшы, ұлттық құрамада ойнауға мотивацияны қайдан аласыз?
«Мен де басқалар сияқты, өз үйімде, жанкүйерлерімнің алдында ойнайтыныма өте қуаныштымын. Біз жақсы ойын көрсетуге тырысамыз және қолдау күтемін», — деп жауап берді ұлттық құраманың көшбасшысы.
Айта кетейік, Юрий Щукин бастаған бапкерлер құрамы Кореяға қарсы өтетін матчта Елена Рыбакина, Зарина Дияс, Юлия Путинцева, Анна Данилина және Жібек Құламбаеваға сенім артып отыр. Қазіргі таңда теннисшілер елордада қызу дайындық жұмыстарын жүргізуде.
Ойындар Beeline Arena жабық хард корттарында 16-17 қарашада өтеді. Іріктеу матчтары үш сеттік форматта төрт жекелей және бір жұптық кездесуден тұрады. Матч жеңімпазы алдағы жылы сәуірде өтетін командалық әлем чемпионатының іріктеу кезеңіне жолдама алады.