18-24 қараша аралығында Ереван қаласында әскерилер арасында күрестен 37-ші әлем чемпионаты өтті. Халықаралық әскери спорт кеңесінің (Conseil International du Sport Militaire – CISM) ұйымдастыруымен өткен турнирге 21 елден 400-ге жуық спортшы қатысты. Әлемнің ең мықты палуандары атағы үшін Қазақстан, Албания, Армения, Беларусь, Колумбия, Франция, Венгрия, Үндістан, Иран, Италия, Иордания, Корея Республикасы, Сауд Арабиясы, Моңғолия, Корей Халық Демократиялық Республикасы, Румыния, Ресей Швейцария, Тунис, Түркия және АҚШ құрамаларының әскери қызметкерлері бақ сынады.
Турнирге еліміздің атынан 17 балуан қатысып, оның жетеуі медаль жеңіп алды. Еркін күрестен алтынды финалдық белдесуде Үндістан өкілін жеңген Мейіржан Әшіров (70 келі) пен финалда ирандық балуанды жеңген Камил Куруглиев (97 келі) иеленді. Турнирде грек-рим күресі бойынша финалдық белдесуде Иран өкілін жеңген Әлімхан Сыздықов (130 келі) чемпион атанды.
Қазақстан құрамасынан қола медальдарды еркін күрестен Рүстем Мирзағалиев (86 келі), грек-рим күресінен (60 келі) Айдос Сұлтанғали, сондай-ақ әйелдер арасында Светлана Анкичева (50 келі) және Марина Седнева (55 келі) иеленді.
Осы нәтижелердің арқасында Қазақстан құрамасы әскерилер арасындағы күрестен 37-ші әлем чемпионатының қорытындысы бойынша турнирде грек-рим күресінде де, еркін күресте де жалпыкомандалық рейтингте 20 команда арасынан 5-орын иеленді.
CISM – 1948 жылы құрылған әлемдегі ең ірі спорттық ұйымдардың бірі. Бүгінде ұйымға 141 мемлекет кіреді және Дүниежүзілік Әскери ойындар, Әскерилер арасындағы әлем чемпионаттары, Әскери әлем кубогы сияқты маңызды халықаралық спорттық іс-шараларды ұйымдастырады. Қазақстан CISM ұйымдастыруымен өтетін сайыстарға 1993 жылдан бері қатысып келеді.