Этникалық қазақ Мадияр Сайдрахимов алдағы Чиангмайда (Таиланд) бокстан өтетін Азия чемпионатында Өзбекстан құрамасы сапында бақ сынайды. 92 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін боксшы барлық 13 салмақ дәрежесінде сынға түсетін Өзбекстан командасының құрамына енді.
Сайдрахимов 2021 жылғы әлем чемпионатында қола, 2022 жылғы Азия чемпионатында күміс жүлдегер атанды. Сонымен қатар 2019 жылғы әскерилер арасында Әлем чемпионатының жеңімпазы атанды.
Естеріңізге сала кетейік, құрлық біріншілігі 28 қараша мен 12 желтоқсан аралығында өтеді. Қазақстан құрамасы Таиландта ерлер құрамасы 13 салмақ дәрежесінде, әйелдер арасындағы жарыста 12 салмақ дәрежесі бойынша жекпе-жек өткізеді.
Бұған дейін Өзбекстан құрамасының сапында тағы бір қазақ боксшысы өнер көрсеткен болатын. 63,5 келі салмақта Парижге барған Руслан Абдуллаев турнирдің ширек финалында жарыс жолынан шығып қалды. Олимпиададан кейін ол бірден кәсіпқой боксқа ауысты.