«Барыс» Челябі – Магнитогорск – Нижний Новгород бағыты бойынша сырттағы ойындар турына аттанған болатын. Елордалық ұжым сырт алаңдағы матчтардың кезекті сериясында «Трактордан» жеңіліп қалды.
Роман Старченко жарақатынан кейін команда сапына оралды. Жаңадан келген Энтони Камара мен Евгений Рымарев та қатарда болды. Қонақтар ойынды жақсы қарқынмен бастады. Бірақ, «Трактор» ойынға белсене араласып, қарсыластар қақпасына бірнеше өте қауіпті сәттер ұйымдастырды. Дегенмен үзіліске дейін қос команда бір бірінің осал тұсын таба алмады.
Жекпе-жектің шешуші сәті екінші кезеңнің соңында орын алды. Энтони Камара тәртіп бұзып, бес минутқа айдыннан шеттетілді. Ал Челябинск командасы үзіліске дейін Эдвард Паскуалені қапы қалдырды. Айдын қожайындары сапынан Владимир Ткачев мергендігімен көзге түсті. Ал үшінші кезеңде алаң иелерінің өз басымдығын нығайтуға 19 секунд уақыт жеткілікті болды. Гол авторы Сергей Телегин. Бірақ, өкінішке қарай «Барыс» сапынан Зак Фукаледен айласын асыра алатын ойыншы табылған жоқ. Осылайша кездесу «Трактордың» пайдасына 2:0 есебімен аяқталды. Осы жеңіске қарамастан «Трактор» Шығыс конференциясының кестесінде 37 ұпаймен жетінші орында қалды. Ал «Барыс» 25 ұпаймен 11-ші орында тұр.
18 қараша күні Ғалым Мәмбеталиев шәкірттері Магнитогорскіде «Металлургпен» ойнайды.
«Трактор» — «Барыс» 2:0 (0:0, 1:0, 1:0)
1:0 – 37:02 – Ткачев (Телегин, Шабанов)
2:0 – 40:19 – Телегин (Ткачев)
Қақпашылар: Фукале – Паскуале