Бүгін 18 қарашада Астанада алтыншы жазғы Спартакиаданың жартылай финалдық ойындары өтеді. Финалға шығу үшін 52 боксшы жұдырықтасады. 13 салмақ дәрежесінде 26 жартылай финал өтеді.
80 келі салмақта алтыншы жазғы Спартакиаданың басты фавориттерінің бірі Нұрбек Оралбай жарыстың жартылай финалына өтті. Оның қарсыласы Батыс Қазақстан облысының чемпионы Илья Кисилев болды. Астана намысын қорғаған 23 жастағы Оралбай қарсыласын екі рет нокдаунға түсіріп, сенімді түрде жеңді. Енді бүгін, 18 қарашада ол жартылай финалда қызылордалық тәжірибелі 29 жастағы Тұрсынбай Құлахметпен кездеседі.
Айта кетейік, осы жылдың мамыр айында Оралбай финалда Қытайдан келген этникалық қазақ Тоқтарбек Таңатханды жеңіп, әлем чемпионы атанған болатын. Бірақ күзде Ханчжоудағы (Қытай) Азия ойындарының 1/8 финалында қарсыласы оған кек қайтарды.
2023 жылғы әлем чемпионы қазақстандық Махмұд Сабырхан Спартакиаданың жартылай финалына шықты. Жартылай финалға шығу үшін ол өткен жылғы Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері Дулат Тұрлыбекұлымен жұдырықтасты. Үш раундқа созылған жекпе-жек төрешілердің шешімімен Шымкенттің атынан шыққан Сабырханның жеңісімен аяқталды. Осылайша көпшілік «қазақтың Ломаченкосы» деп атайтын әлем чемпионы жартылай финалға өтті және Павлодар облысынан келген Сабыр Ерболатпен сынға түсетін болады.
Еліміздің төрт облысындағы бокс мектептері ерекше көзге түседі. Осылайша, жартылай финалға Астана, Алматы, Павлодар және Түркістан облыстарынан бес өкіл шықты. Бұл кезеңде Ақтөбе мен Солтүстік Қазақстан облыстарын қоспағанда, 18 облыс қатысады.