УЕФА баспасөз қызметі Еуро-2024 іріктеу кезеңінде соғылған үздік гол атағына ұсынылған 10 голды жариялады.
Оның ішінде Қазақстан құрамасының капитаны Асхат Тағыбергеннің Дания құрамасына соққан голы да бар. Астанада өткен кездесу 3:2 есебімен Қазақстанның пайдасына аяқталған болатын.
««Іріктеу турнирінің голы» он тамаша үміткер! Голдарды УЕФА-ның техникалық бақылаушылар комиссиясы таңдады», — деп жазды Еуропа чемпионатына арналған ресми аккаунт.
Еуро-2024 іріктеу кезеңінде Қазақстан құрамасы 18 ұпаймен H тобында төртінші орын алған болатын. 2024 жылдың көктемінде құрамамыз Ұлттар лигасының плей-офф кезеңінде Еуропа чемпионатының жолдамасын сарапқа салатын болады.
Айта кетейік, жаңа маусымда Тағыберген «Ордабасыда» қала бермек ниетте. Жартылай қорғаушы бұл шешімді өткен жылдан бері қарастырып келеді. Асхаттың шымкенттік ұжымдағы жаңа келісім-шарты 2024 жылдың қаңтар айынан бастап өзекті болмақ. Тағыберген «Ордабасы» сапында 2023 жылдың қаңтар айынан бастап өнер көрсетіп келеді. Жартылай қорғаушының командаға қосқан үлкен үлесі арқасында оңтүстік ұжым өз тарихында алғаш рет чемпион атанды.