Асаин Байханов «Ертістің» қайта жандануына қатысты пікір білдірді.
Павлодар облысының әкімі Асаин Байханов облыс футбол командаларының тағдыры туралы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімі Асаин Байханов атап өткендей, «Ертіс» футбол клубын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, қарызды өтеу процессі жалғасуда. Аймақ басшысының айтуынша, олардың қомақты бөлігі футболшылар мен бапкерлер алдындағы қарыздар.
«Бапкерлер мен футболшылардың адвокаттарымен өте күрделі келіссөздер жүргізілуде. Олардың арасында тікелей келіссөз жүргізбейтін, адвокаттары арқылы сөйлесетін еуропалықтар да бар. Біз миллиард теңгеден асатын қарыздарды дисконттаумен айналысып жатырмыз. Яғни қарыздарды 50-70 процентке азайтуды сұрадық. Онсыз футболшылар мен бапкерлер алдындағы қарыздар мүлде өтелмейді. Бұл ФИФА талаптарының бірі», — деп түсіндірді облыс әкімі.
Егер шетелдіктердің жеңілдік жасаса, Халықаралық футбол федерациясы Ертіске өзінің барлық тарихын, чемпиондығын және медальдарын сақтауға мүмкіндік береді дейді Асаин Байханов. Облыс басшылығы клубты жаңа заңды тұлға ретінде емес, атақты команданың ізбасары ретінде қайта жандандыруға ұмтылуда.
«Команда қай дивизионға қатысатынына келер болсақ, бұл туралы айту әлі ерте. Біз бұл мәселені еліміздің футбол федерациясымен талқылаймыз. Ереже бойынша бәрі ойдағыдай болса, екінші лигадан бастаймыз. Бірақ, кейбір атақты клубтарға жоғары лигаларға шығуға мүмкіндік берілді. Қарыздарды өтеу туралы келісімге келе салысымен бұл мәселені шешуге кірісеміз», — деді аймақ басшысы.
Асаин Байханов «Ақсу» ФК-ның алдағы тағдырына да тоқталды. Облыс әкімінің айтуынша, ҚПЛ-2023 қорытындысы бойынша Бірінші лигаға түсіп қалған клуб аттас қала атынан өнер көрсетеді.