Қазақстанның жұптық сындағы бірінші ракеткасы Анна Данилина Окленд WTA 250 — ASB Classic (Жаңа Зеландия) турнирінің жеңімпазы атанды.
Жарыстың 2-ракеткалары болып тіркелген Анна — словакиялық Виктория Хрунчакова финалда чехиялық Мария Боузкова — америкалық Бетани Маттек-Сандспен бас жүлде үшін кортқа шықты. Бірінші партияда қазақстандық-словакиялық жұп 6:3 есебімен басым түсті. Екінші сетте тай-брейкте чехиялық-америкалық дуэт сәтті ойнады — 7:6 (7:5). Супер тай-брейкте Данилина мен Хрунчакова жеңісті жұлып алды — 10:8. Осылайша, Анна Данилина жаңа жылдағы алғашқы титулына қол жеткізді.
Оклендтегі турнирде Анна мен Виктория барлық төрт кездесуде де сеттерде жалпы 8:2 есебімен жеңіске жетті. Чемпиондар 250 рейтингтік ұпай және екеуі 12,82 мың АҚШ долларын (5,79 миллион теңге) сыйақы алады.
Осы табысының арқасында Данилина жұптық рейтингте 54-ші орыннан 44-ші орынға көтеріледі. Бұл оның WTA жұптық турниріндегі бесінші титулы. Словак теннисшісі үшін де бұл WTA турнирлеріндегі бесінші жеңісі.
Естеріңізге сала кетейік, 7 қаңтарда тағы бір қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Аустралияның Брисбен қаласында өткен WTA 500 турнирінде жекелей сында жеңіске жетті.