Еркін күрестен Қазақстан құрамасының көшбасшысы Азамат Дәулетбеков Загребте (Хорватия) өтіп жатқан күрестен халықаралық турнирдің рейтингтік сериясы Zagreb Open-2024 додасында күміс жүлдегері атанды.
Жарыстың финалында 86 келіге дейінгі салмақта қазақстандық спортшы Болгарияның атынан шыққан дағыстандық Магомед Рамазановқа қарсылас атанды. Жекпе-жек 8:5 есебімен Рамазановтың пайдасына аяқталды. Турнир басталғанда Дәулетбеков сенсация жасағанын да айта кетейік. Ол 2019 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, үндістандық Дипак Пунияны (6-2) тізе бүктірді. Одан кейін жерлесіміз Валентин Бабийді (Украина) 11:0 және Евсем Швелидзені (Грузия) 10:0 есебімен жеңді.
Жартылай финалда Дәулетбеков израильдік қарсыласы Мэттью Файнсильверді (10:0) тізе бүктірді. Осылайша, финал жолында қазақстандық жалпы 37:2 есебімен төрт жеңіске жеткенімен, нәтижесінде күміс медальді қанағат тұтты. Дәулетбеков 2023 жылы Белградта (Сербия) өткен әлем чемпионатында қола медаль иеленіп, Парижде өтетін Олимпиада ойындарына жолдама алған болатын.
Биылғы алғашқы рейтингтік бәсекеде Азаматтан бөлек, Қазақстан атынан Ирина Казюлина (65 келі), Елена Шалыгина (68 келі) және Эльмира Сыздықова (76 келі) сынға түсуде.
68 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен қазақстандық спортшы Елена Шалыгина Болгария өкілі Мими Христовадан 0-10 есебімен жеңіліп, тіпті іріктеуден де өте алмады.
Елена Шалыгина 2008 жылы Бейжіңде (Қытай) өткен Олимпиаданың қола жүлдегері. Ол сондай-ақ әлем чемпионатында үш рет – күміс және екі қола медаль жеңіп алды. Алты мәрте Азия чемпионатының жүлдегері атанды, әрқайсысында екі рет алтын, күміс және қола медальдарды иеленген болатын.
Эльмира Сыздықова да турнирді сәтсіз бастады. 76 келіге дейінгі салмақта 1/8 финалдық кезеңде ол америкалық Кеннеди Алексис Блэйдспен кездесіп, оған 0-10 есебмен ұтылды. Эльмира Сыздықова 2016 жылы Рио-де-Жанейрода (Бразилия) өткен Олимпиаданың қола жүлдегері екенін де айта кетейік. Сондай-ақ, қазақстандық спортшы күрестен екі рет (2021, 2023) Азия чемпионатында жеңіске жетіп, тағы бес рет құрлық біріншілігінің қола жүлдегері атанды.
Ал 28 жастағы қазақстандық Ирина Казюлина барлық қарсыластарына есе жіберді. Алғашқы айналымда ол Энн Норнбергерке – 3:5, екінші айналымда Алла Белинскаяға — 7:11, Қадрие Ақсуға 0:4 есебімен жеңіліп қалды. Осылайша қазақстандық спортшылардан Загребте тек Азамат Дәулетбеков қана медаль иеленді.