16 жастағы қазақстандық теннисші Аустралия ашық чемпионатының 1/8 финалына шықты
Аустралия ашық чемпионатында жасөспірімдер арасында қазақстандық Әмір Омарханов 1/8 финалға шықты. Алғашқы кездесуінде жарыстың 1-ракеткасы болып тіркелген италиялық Федерико Чинаны ұтып, сенсация жасаған 16 жастағы қазақстандық теннисші екінші айналымда ұлыбританиялық Виктор Фридрихпен сынға түсті. Бірінші партияда ұлыбританиялық 6:3 есебімен алға шықты. Есесіне екінші сетте тай-брейкте Әмір сәтті ойнады — 7:6 (8:6).
Соңғы, үшінші партияда Омарханов 5:3 есебімен алға шықты. Нәтижесінде матчты тағы бір брейкпен түйіндеді — 6:3. Тартысты кездесу 2 сағат 13 минутқа созылды.
Қарағанды теннис мектебінің түлегі ширек финалға шығу үшін оңтүстіккореялық Чанджун Киммен ойнайтыны белгілі болды. Аустралия ашық чемпионатында ол 14-ші орыннан көрініп, әлемдік рейтингте 21-ші орында тұр. 17 жасар Ким өткен жылдан бері Үлкен дулыға турнирінде ойнайды. Ол Ролан Гаррос, Уимблдон және АҚШ ашық чемпионатының бірінші айналымында қарсыластарынан жеңіліп қалды.
Теннисшілер 2023 жылдың қазан айында Ванжуда (Оңтүстік Корея) өткен турнирде кездесіп, Әмір қарсыласының отанында жеңіске жетті — 6:7 (2), 7:6 (3), 6:3. Бір қызығы, олар қазір Мельбурн қаласында жұптық сында бірге өнер көрсетеді. Ертең олар тағы да жұптық ойын өткізіп, 24 қаңтарда жекелей сында 1/8 финалда өзара мықтыны анықтайтын болады.
Сондай-ақ тағы бір қазақстандық теннисші Асылжан Арыстанбекова жұптық сында белоруссиялық Юлия Перепихинамен бірге аустралиялықтар Рени Алэйм — Алана Сибасичті 6:1, 6:3 есебімен ұтып, екінші айналымға өтті.