Бүгін, 15 ақпанда Елена Рыбакина Дохада (Катар) өтіп жатқан беделді WTA 1000 турнирі — Qatar Total Energies Open турнирінің жартылай финалына шығу үшін сынға түседі. Оның ширек финалдағы қарсыласы канадалық Лейла Фернандес болмақ.
Ширек финалдың барлық төрт ойыны бүгін Доханың орталық кортында өтеді. Бір қызығы, титул үшін күресті жалғастыратын сегіз қатысушының әрқайсысы бұған дейін «Үлкен дулыға» турнирінде жекелей сайыстар финалында кемінде бір рет ойнаған.
ТОП теннисшілерден польшалық Ига Швентек пен беларусь Виктория Азаренкомен, ал жапониялық Наоми Осака чехиялық Каролина Плишковамен кездеседі.т Сондай-ақ ширек финалдық матчтарда Фернандес пен Рыбакина, ресейлік Анастасия Павлюченкова және америкаық Даниэль Коллинз өзара мықтыны анықтайтын болады.
24 жастағы Рыбакина мен 21 жастағы Фернандестің жолдары бұрын ешқашан қиылыспаған. Бұл 2022 жылғы Уимблдон чемпионы мен 2021 жылғы АҚШ ашық чемпионатының финалисті арасындағы алғашқы матч болмақ. Осы турнирдің ширек финалына жету үшін Лейла үш, ал Елена екі жеңіске жетті.
Осы статистикаға сүйенер болсақ, Фернандес Катар астанасында Самсонова, Бадоса, Чжэн сияқты әлемдік теннис жұлдыздарына бір ғана сет сыйлап, тамаша формаға ие болды деп сеніммен айта аламыз.
Осы маусымда Рыбакина 15 кездесу өткізіп (13-2), Брисбенде (Австралия) және Абу-Дабиде (БАӘ) өткен WTA 500 турнирінде екі титулды жеңіп алды. Ол қазір қатарынан алты матчта жеңіске жетіп отыр. Фернандес, керісінше, 2024 жылы өте аз ойнап, небәрі бес кездесу өткізді (4-1). Дохаға дейін ол бір ғана турнирде — Австралияның ашық чемпионатында өнер көрсетіп, екінші айналымнан әрі аса алмады.
Рыбакина мен Фернандес арасындағы кездесу бүгін Павлюченкова мен Коллинз арасындағы матч аяқталғаннан кейін, шамамен Астана уақытымен 19:45-те басталады.