2024-жылғы Қазақстан чемпионатының толық қатысушылары белгілі болды. Премьер-лига жүлдесі үшін «Мақтаарал» футбол клыбының орнына «Ақсу» ФК таласатын болды. Атакенттік команда футбол клубтарын лицензиялау жөніндегі ережелердің минималды талаптарын орындамағаны және талапқа сай келмегендігі үшін чемпионатқа қатысудан шеттетілген болатын. Бұл туралы ПФЛК баспасөз қызметі мәлімдеді.
Клубтардың бәсекеге қабілеттілігін сақтау және чемпионаттың сапасын арттыру мақсатында ҚКФЛ Премьер-лигаға қатысушылар санына өзгерістер енгізбеудің маңыздылығын атап өтті. 14 клубпен өткізу форматы соңғы 3 маусымда өзінің қажеттілігін дәлелдеп, ойын күнтізбесін икемді және жоспарлауға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, бұл формат қатысушыларға жоғары дивизионда өнер көрсету үшін жоғары сәйкестік талаптарын белгіледі, нәтижесінде футбол клубтарының дамуына оң әсер етті.
Қазақстан футбол федерациясының футбол клубтарын лицензиялау жөніндегі комиссия отырысының қорытындысы бойынша «Ақсу» ФК-ға рұқсат беру туралы шешім қабылданды. Спорттық қағидатты сақтау мақсатында чемпионаттың жаңа маусымына қатысу туралы ұсыныс Бірінші лига клубтарына және өткен жылдың қорытындысы бойынша Премьер-лигада соңғы орындарға жайғасқан үш клубқа жіберілді. Нәтижесінде, «Ақжайық», «Хан Тәңірі», «Арыс»,«Түркістан»,«Тараз» және «Оқжетпес» клубтары қатысудан бас тартты. Сондай-ақ, «Каспий» ФК-да сәйкессіздіктер анықталды, ал «Қыран» ФК қатысу туралы ұсынысқа жауап бермеді.
Айта кетейік, павлодарлық «Ақсу» 2022 жылы Премьер-лиганың дебюттік маусымында 6-шы орынды иеленді, ал өткен жылы чемпионатты соңғы 14-ші орында аяқтады.