Үндістан астанасы Нью-Дели қаласында велотректен ересектер арасында 43-ші, жасөспірімдер арасындағы 30-шы, пара-спортшылар арасындағы 12-ші Азия чемпионаты өтуде.
Бəсекенің алғашқы күні із кесу жарысында Қазақстан ерлер құрамасы (Әлішер Жұмақан, Дмитрий Носков, Рамис Дінмұхаметов) командалық жарыста қола жүлдеге (4:03.129 секунд) қол жеткізді. Алтын жүлдені Жапония құрамасы еншілесе, күміс Қытай еліне бұйырды. Сондай-ақ тағы бір отандық құрама спринттен (Кирилл Курдиди, Дмитрий Резанов, Сергей Пономарев) 5-сатыға жайғасты.
Жарыстың екінші күні ерлер арасында элита санаты бойынша Рамис Дінмұхаметов ерекше көзге түсті. Ол топтық іріктеу жарысында команда қоржынын қола медальмен толықтырды. Ал жасөспірімдер арасында Ердәулет Егізбай скретчтен алтын медаль жеңіп алса, қыздар арасында Диана Косолапова кейриннен үшінші орынға ие болды.
Үшінші сайыс күні әйелдер арасында Рината Сұлтанова көзге түсіп, жекелей жарыста қола жүлдегер атанды. Данияр Шаяхметов 1000 метрлік айналымда күміс алды. Элиталық санатта бақ сынаған Әлішер Жұмақан топтық ұпайлар бәйгесінде күміс алды. Кирилл Чжан жекелей жарыста командаға қола медаль әкелді.
Жасөспірімдердің еншісінде екі жеңіс бар: топтық жарыста Аружан Рахымжан, жекелей сайыста Мария Елкина Азия чемпионы атанды. Сары құрлық додасында 23 елдің үздіктері бақ сынауда. Азия біріншілігі 26 ақпанға дейін жалғасады.