Қазақстан әйелдер құрамасы 12-13 сәуірде Токиода Билли Джин Кинг кубогының іріктеуінде Жапония құрамасымен кездеседі.
Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, аталған матчқа қатысатын құрам жарияланды.
Юрий Щукин бастаған бапкерлік ететін ұлттық құрама теннисшілерінен Юлия Путинцева, Зарина Диас, Анна Данилина, Жібек Құламбаева және Аружан Сағындықова Жапония құрамасына қарсы өнер көрсетеді.
Зарина көптен бері теннис додаларына қатыспағаны белгілі. Денсаулығына байланысты және бірқатар жарақаттарға байланысты әлемнің бұрынғы 31-ракеткасы біраз уақыт кортқа шыға алмады. Айта кетейік, Заринаның еншісінде WTA жеке турнирлерінде бір титулы бар. Сондай-ақ ол екі рет Уимблдонда 1/8 финалға (2014, 2015) дейін жетті. Енді спортшы мансабын одан әрі жалғастырып, Жапонияға қарсы матчта ел намысын қорғайтын болды.
Жапониямен бәсеке Ariake Coliseum аренасының хард төсенішіндегі кортында өтеді. Билли Джин Кинг кубогінің іріктеу матчы төрт жекелей және бір жұптық кездесуден тұрады, үш сеттік форматта болады.
Токиода Қазақстанның көшбасшы ойыншысы Елена Рыбакина өнер көрсетпейді. Биыл жазда Парижде олимпиада ойындары өтеді. Құраманың бапкерлік штабы Еленаның төрт жылдағы ең басты жарысқа мұқият дайындалып, нағыз бабында баруы үшін Жапониямен матчқа шақырмауды құп көрді. Елена үшін олимпиада ойындарында бақ сынау аса маңызды болмақ.