Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Магомед Адиев Ұлттар лигасының плей-офф кезеңінің жартылай финалында Грекия құрамасымен өтетін матч және команданың қазіргі жағдайы туралы ойын алдындағы баспасөз мәслихатында айтып берді.
— Магомед Мұсаұлы, осы кездесудің маңыздылығын ескерсек, барлық ойыншылар моральдық тұрғыдан дайын ба?
Матчтың маңыздылығын жігіттердің бәрі түсінеді. Сөз сөйлеу арқылы оларға тым көп қысым жасаудың мәнін көрмеймін. Осыған байланысты Словениямен болған ойынмен салыстырғанда мінез-құлқымды аздап өзгерттім. Олардың көзіне азырақ түсуге тырысамын.
— Қазіргі құрамда ораза ұстаған бірнеше ойыншы, оның ішінде Зайнутдинов те бар. Олардың жағдайы қандай және осыған байланысты дайындық процесіне қандай да бір түзетулер енгізілді ме?
— Барша мұсылман қауымын ораза мерекесімен құттықтаймын. Алла тағала барша ізгі амалдарымызды қабыл етсін. Біз Дубайда өткен оқу-жаттығу жиынында өзгерістер енгізіп, жаттығу процесін реттедік.
— Жаттығуда пенальтиге қатысты жұмыстар болды ма?
— Мен футболшылардың пенальтимен жаттыққанын жақтамаймын. Мұны өз мансабымда бірнеше рет сезіндім. Жаттығуда және ойында пенальти тебу мүлдем басқа нәрсе. Бізде нүктеден тебе алатын ойыншылар бар. Бірақ мен қалай болғанда да олардың психологиялық дайындығын тексеремін. Қақпашыларға келер болсақ, біраз жұмыстар атқарылып жатыр. Ситало екеуміз бұл мәселені талқыладық.
— Айымбетов пен Зайнутдинов команда орналасқан жерге соңғы болып жетіп, оқу-жаттығу жиынының көп бөлігін өткізіп алды. Мұны мәселе ретінде қарайсыз ба?
– Иә, тағы да Абат пен Баха бізге соңғы болып келеді. Қалғандарымен өте жақсы тактикалық жұмыс жасалды. Айымбетовпен сөйлестік, Бахамен әлі сөйлесу керек. Біз мұны мәселе деп санамаймыз, тек оны шешу керек.
— Баспасөз мәслихатына әдетте қосалқы құрамда қалған ойыншылар келеді. Зайнутдинов бүгін осында, бұл бірдеңені білдіре ме?
– Сіз бұл үрдісті байқадыңыз, мен өзім байқамадым. Баха тәжірибелі жігіт. Ол мұндай сәттерде уайымдамайды, бапкерлердің таңдауына сенім артады.
— Алдағы матчтың бас төрешісі Грекия құрамасының ойындарында жиі жұмыс істеп, Грекия Суперкубогында төрелік етті. Сіз бұл туралы не ойлайсыз?
– Бұрын ол полицей болған емес пе, солай ма? Төреші матч күні өз міндетін толық орындайды деп сенемін.
— Грекия керемет ынталы және оларды толық стадион қолдайтын болады, сіз бұған дайынсыз ба?
— Стадион толы болғаны жақсы. Бұл екі команда үшін де плюс. Толық стадион бізге қиындық тудырса, қорқатын болсақ, мұнда мүлде келіп, бөлмелерімізде отыруымыз керек еді. Бірақ бұл мүлдем дұрыс емес. Толық трибуналар алдында ойнауға үйреніп қалдық. Астанада да тамаша қолдау көрсетеді.
Естеріңізге сала кетейік, 21 наурыздан 22 наурызға қараған түні Қазақстан құрамасы Афинада Грекия құрамасымен ойнайды. Алғашқы ысқырық Астана уақытымен 00:45-те естіледі. Матчтың жеңімпазы финалға шығып, Еуро-2024 жолдамасы үшін сыртта Грузия – Люксембург жұбының үздіктерімен ойнайды.