Литвада өтіп жатқан Альгирдас Шоцикас турнирі аяқталуға жақын. Аталмыш жарыста тағы бір боксшымыз ақтық айқасқа шықты. 80 келі салмақ дәрежесіндегі жерлесіміз Тұрсынбай Құлахмет украиналық Матви Ражбаны еш қиындықсыз жеңді. Бұл туралы ҚФБ баспасөз қызметі мәлімдеді.
75 келі салмақ дәрежесінде дода қожайыны Арвидас Дайниспен кездескен тағы бір боксшымыз Азамат Бектас төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске жетіп, финалға жолдама алды.
Сондай-ақ жартылай финалда 71 келідегі Фарух Тоқтасынов украиналық Александр Трофимчукті тізе бүктірді. Әр раунд сайын қарқынын арттырған Фарух үш раундта да қарсыласына еш мүмкіндік берген жоқ.
Ал 67 келіде Елнұр Сүйінбай студенттер арасындағы әлем чемпигны, украиналық Данило Лозанмен кездесті. Тартысты жекпе-жекте қазақстандық боксшы жеңіске жетіп, финалға жолдама алды.
63,5 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін тағы бір боксшымыз да финалға жолдама алды. Жандос Қыдырәлиев жартылай финалда Әлем чемпионатының қола жүлдегері Риз Линчті жеңді. Шотландиялық Риз Линч 2021 жылы Сербияда өткен дүниежүзілік додада 3-орынды иемденген. Сол біріншілікте қазақстандық Саматәлі Төлтаевты жарыстан шығарған.
60 келі салмақ дәрежесінде Алмат Әбдуәли украиналық Тимур Бобошконы тізе бүктіріп, алтын жүлде үшін таласқа түсетін болды.
57 келі салмақ дәрежесінде жартылай финалда польшалық Павел Брачпен жұдырықтасқан Асылжан Серікбай төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске жетті.
Өкінішке қарай жартылай финалда 51 келі салмақ дәрежесінде Даниял Сәбит Уэльс боксшысы Ричардс Скоттан жеңіліп қалды.
Айта кетейік, Әлемнің 17 елінен 120-ға жуық боксшы жиналған турнир 23 наурыз күні мәресіне жетпек. Қазақстан құрамасы 11 салмақ дәрежесінде сынға түсуде.