Қазақстандық Нұрқанат Серікбаев дзюдодан Тбилисиде (Грузия) өтіп жатқан «Үлкен дулыға» турнирінің жеңімпазы атанды. 60 келі салмақта финалдық белдесуде Серікбаев израильдік Ям Волчакты жеңді. Турнир барысында қазақстандық спортшы 1/16 финалда колумбиялық Йохан Рохасты, 1/8 финалда израильдік Йонатан Векслерді, ширек финалда украиналық Дилшод Халматовты, жартылай финалда әзірбайжандық Балабай Агаевты тізе бүктірген болатын.
Айта кетейік, әйелдер арасындағы бәсекеде 48 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Ғалия Тыныбаева қола жүлдегер атанды.
Турнир 22-24 наурыз аралығында өтуде. Грузия астанасында Қазақстаннан он дзюдошы сынға түсуде. Дзюдошыларымыз келесі салмақ дәрежелерінде ел намысын қорғауда.
60 келіге дейін: Нұрқанат Серікбаев, Дәурен Сүйеукенов.
66 келіге дейін: Есет Қуанов, Сұңғат Жұбатқан
73 келіге дейін: Асқар Нарқұлов, Бақытжан Абдурахманов
81 келіге дейін: Мәди Амангелді
100 келіге дейін: Ислам Бозбаев
100 келіден жоғары: Ерасыл Қажыбаев, Ғалымжан Қырықбай
«Үлкен дулыға» – Халықаралық дзюдо федерациясының күнтізбесіндегі беделді турнирлер сериясы. Биыл жарысты Париж, Баку, Ташкент, Тбилиси, Анталия және Астана қабылдайды.