Astana Qazaqstan Development Team шабандозы Маттиа Негренте Словенияда өткен Нова Горица мен Випава Валлей біркүндік Гран-при жарысында жеңіске жетті.
Жалпы жарыс жолы 150 шақырымды құрайтын словениялық біркүндік велодода Маттиа Негрентенің жеңісінің арқасында Astana Qazaqstan Development Team үшін сәтті аяқталды. Маттиа маусымды жақсы бастады. Грекияда өткен Visit South Egean Islands көпкүндігінің жалпы есебінде екінші орын иеленді. Енді Маттиа командамен дебюттік маусымындағы алғашқы жеңісіне қол жеткізіп отыр.
Маттиа Негренте жарыстан алған әсерімен бөлісті.
«Тамаша күн болды. Жарыс бағыты қызықты. Соңғы шақырымдарда топтағы жылдамдық айтарлықтай өсті және біз барлығымыз дерлік жоғары жылдамдықпен жүрдік. Күресу оңай болмады. Командаластарым тамаша жұмыс жасады. Соңында мәре сызығына 200 метр спринтті бастап кеттім. Бұл менің маусымдағы алғашқы жеңісім және мен оған өте қуаныштымын», — деді Маттиа Нигренте.
Сондай-ақ Astana Qazaqstan Development Team командасының спорт директоры Александр Шушемоин Маттианың жеңісі туралы өз пікірін білдірді.
«Бүгін команда жақсы өнер көрсетті. Жігіттер жақсы жұмыс істеп, берілген тапсырмаларды орындады. Симоне Занини мен Андрей Ремхе жарыстағы жағдайды өз бақылауларында ұстады. Содан кейін мәреге бір айналым қалғанда Макс Фолькер шабуыл жасады. Савелий Лаптев те жақсы жұмыс атқарды. Ол жоғары жылдамдықпен жүріп, нәтижесінде жеңіске жеткен Негрентеге қолдау көрсетті. Енді біз 24 наурызда өтетін жарысқа дайындаламыз», — деді Александр Шушемоин.