Қазақ футболының көкжиегі кеңейіп келеді. 12 сәуір – Жаңаөзен қаласы үшін ғана емес, күллі Маңғыстау облысы үшін тарихи күн болды. Отыз жылдан астам уақыттан кейін футбол ойыны мұнайшылар қаласына оралды. Бұл туралы ҚФФ мәлімдеді.
Қазақ спортының аңызы Әмин Тұяқов атындағы стадионда Бірінші лиганың «Каспий» және «Алтай» командалары арасындағы ойын өтті. Тарихи матчта маңғыстаулық команда 4:1 есебімен жеңіске жетті. Қала тұрғындары үшін үлкен қуаныш сыйлаған футбол мерекесі өңірдегі бұқаралық және кәсіпқой футболдың дамуына мүмкіндік бермек.
Жаңаөзен қаласының әкімі Жансейіт Қайнарбаев бүгінгі ойынның балаларға нағыз мереке сыйлағанын және олар команданың келесі ойындарын асыға күтетінін айтты. Бұған қоса, бұл бастама қаладағы футболдың дамуына әсер ететінін атап өтті.
«Футбол – бұл тек ойын емес, мыңдаған, тіпті, миллиондаған адамды біріктіруге қауқарлы қоғамдық құбылыс. Жаңаөзен қаласының халқы Бірінші лига матчтарын тамашалап, облысымыздың намысын қорғайтын «Каспий» футбол клубына жанкүйер болғанын қалаймыз. Тарихи сәт болашақта Жаңаөзенде кәсіби футбол клубы мен балаларға арналған футбол секцияларының ашылуына себеп болады», — деді шаһар басшысы.
Тоқсаныншы жылдары Жаңаөзен өңірі үшін футболдың маңызы ерекше болды. Биылдан бастап Қазақстан футбол федерациясының футбол клубтарын лицензиялау жөніндегі комиссиясы қайта жаңартудан өткен Жаңаөзен стадионына Бірінші лига матчтарын өткізу шешімі қабылданды. Үш мың жанкүйерге арналған Әмин Тұяқов атындағы стадион енді Бірінші лига ойындарының талаптарына толықтай сай келеді.