Бүгін, 15 сәуір Бішкек қаласында (Қырғызстан) грек-рим стилінің өкілдері күрестен Азия чемпионатында өнер көрсетті. Жарыс күнінің қорытындысы бойынша қазақстандық балуандар үш медаль жеңіп алды.
Грек-рим күресінен қазақ балуаны Ержет Жарылқасын Азия чемпионатының финалында белдесті. Ол 63 келіге дейінгі салмақта жапондық Аята Сузукаға қарсы шықты. Жекпе-жек 6:6 есебімен тең аяқталды, бірақ қосымша көрсеткіштер бойынша қазақстандық спортшы жеңіске жетіп, Азия чемпинатының алтын жүлдесін қанжығасына байлады.
Ибрагим Магомадов Азия чемпионатында қола жүлдені сарапқа салды. Ол 77 келіге дейінгі салмақта ирандық Әмір Әли Әбдимен кездесті. Тартысты кездесу 4:3 есебімен қазақстандықтың пайдасына шешілді. Осылайша, Магомадов Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды.
Нұрсұлтан Тұрсынов Азия чемпионатының финалында белдесті. Ол 87 келіге дейінгі салмақта ирандық палуан Нассер Ғасем Ализадемен өзара мықтыны анықтады. Кездесу 5:0 есебімен ирандықтың пайдасына шешілді. Осылайша Тұрсынов күміс жүлденің иегері атанды.
Өкінішке қарай тағы екі қазақстандық спортшы сәтсіз өнер көрсетті: 55 келіге дейінгі салмақта Нұрзат Қабдырахманов 1/4 финалға шығып, өзбекстандық Жасурбек Ортықбоевтан 1:10 есебімен жеңіліп қалды. 130 келі салмақта өнер көрсеткен Мансур Шадукаев та ширек финалға шығып, қырғызстандық Ерлан Манатбековтен 1:9 есебімен ұтылды.
Бұған дейін әйелдер арасында еркін күрестен Қазақстан өкілдері Бішкекте төрт медаль жеңіп алған болатын.
Ертең, 16 сәуірде грек-рим күресінен спортшылар 60, 67, 72, 82 және 97 келіге дейінгі салмақта сынға түседі.